Жаңалықтар

«Қамқоршы кеңестің мүшесі де емеспін»: Саясат Нұрбек Назарбаев университеті туралы сұраққа жауап берді

Саясат Нурбек в мажилисе
Фото: Премьер министрдің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов үкімет сағатында Назарбаев университетінің өкіліне сұрақ қойды. Айтуынша, 15 жыл ішінде Назарбаев университетіне барлық жағдай жасалды.

«Назарбаев университетіне қаржыны төктік. Лабораторияны соларға бердік. Статусын күшейттік. Оларды ешкім тексеріп қарамады. Ұлттық ғылым академиясының орнына жұмыс істейтін болды. Кей университет қаржыландырылмайтын болды. Бәрін Назарбаев университетіне бердік. Алайда нәтиже көріп отырған жоқпыз. Неше жыл болды? 15 жылда нәтиже көрінбейді», – деді Әбенов.

Айтуынша, 2020 жылы ғылымға – 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы – 7 млрд 21 млн теңге, 2022 жылы – 2 млрд 154 млн теңге бөлінген.

«Бұл қомақты қаржы. Алайда қанда нәтиже болғаны белгісіз. Бір жылда 15-ақ патент алған. Сәтбаев университетінде директорлар кеңесінің мүшесі болдым. Ол ЖОО бір жылда 44 патент алады. Алайда қаржыландыру 3-4 есе аз, ұлттық университтер мықты жұмыс істеп жатыр. (…) Бөлінген қаржы қайда кетті? Алдағы уақытта басқа университеттерге осындай қомақты қаржы бөлсек, қайтадан осындан жағдайға келмейміз бе? Министрлік бақылау жасай ала ма?», – деп сұрады депутат.

Назарбаев университеті ғылыми әкімшілендіру директоры Асанбай Жұмабековтің айтуынша, Назарбаев университетінде 300-ден аса ғылыми техникалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар ауыл шаруашылығы университетін қолдау, демеушілер қаражаты есебінен қаржыландырылады.

«2020 жылдан бері Назарбаев университеті бірлескен зерттеулердің жеке бағдарламасын іске асырып жатыр. Оған қазақстандық жоғары оқу орындары қатыса алады. Қазір біз 75 жобаны қаржыландырып жатырмыз. Онда 34 отандық университет қатысып жатыр…. Сізді университет жұмысымен таныстыруға шақырамыз», – деді Жұмабеков.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университеті бөлек өзінің заңымен реттелетініне назар аударды.

«Оның басқару жүйесі өте күрделі екен. Енді-енді өзіміз түсініп жатырмыз. Жоғары қамқоршы кеңес, үш қамқоршы кеңес, Назарбаев қоры бөлек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бөлек, Назарбаев университеті өзі бір бөлек. Оның қамқоршы кеңесінің үстінен тағы бір қамқоршы кеңес қарайды. Мен қазір министр ретінде қамқоршы кеңестің мүшесі де емеспін. Мені қамқоршылық кеңеске кіргізу үшін заңды өзгертуіміз керек. Үкімет деңгейінде қазір сол заңға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Күрделі процесс», – деді Саясат Нұрбек.