«Қонақтармен бірге жүр»: Мәжіліс төрағасының орынбасары шенеуніктерді сынға алды

Жарияланды

Фото: parlam.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар өңірлерде облыс әкімдіктерінің қолдауымен қандай ғылыми жобалар іске асырылып жатқанын сұрады.

«Облыс әкімдігі өңіріміздің экономикалық мәселелерін шешу үшін жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін пайдаланып жатыр. 2022 жылы ғылыми зерттеулерді қолдауға облыстық бюджеттен 22 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 4 жоба іске асырылды. Биыл 5 жобаға 35 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді 6 жоба қаралып жатыр», – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналысқа қатысқан жоқ. Қарағанды облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран әкім орынбасарыныі басқа жиналысқа қатысып жатқанын айтты. Сондай-ақ сұраққа орыс тілінде жауап берді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева оған ескерту жасады.

«Келесі жолы облыс әкімдері шақырылса, олар болуға тиіс. Ескертіңіз», – деді депутат.

Сондай-ақ сөз Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тынәлиевке де сөз берілді. Алайда ол да жиналысқа қатыспаған.

«Өкінішке қарай, қазір облыс әкімінің орынбасары орнында жоқ. Қазір ол облыста қонақтармен бірге жүр», – деді Үкімет сағатына онлайн қатысып жатқан Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілі.

Дания Еспаева маңғыстаулық шенеунікке де ескерту жасады.

«Онда сұраққа жауап бермей-ақ қойыңыз. Ол қонақтармен жүре берсін. Әкімнің орынбасарына депутаттардан сәлем айтыңыз. Біз ақтаулықтардың қонақжай екенін білеміз. Сіздерден де жауап керек емес», – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыз