Этникалық қазақтар Республика аумағына кірмей-ақ «қандас» мәртебесін ала алады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Енді атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

«Бір терезе» қағидаты бүгінде пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.

Күшіне енген бұл жаңа тәртіпке Мемлекет басшысы 2023 жылдың 19 сәуірінде қол қойған. Қазіргі уақытта этникалық қазақтардан өтініш қабылдау Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан елдерінде пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Ал кейін өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдердің елшіліктерінде де қабылдана бастайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның шет елдердегі мекемелері арқылы шетелде тұратын этникалық қазақтардан 771 (237 отбасы) өтініш қабылданған.

Сонымен бірге Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы органдарының басшылық етуімен қандастарды жайғастыру және қабылдау жөніндегі арнайы комиссия құрылып, бұл өңірде тұруға ниет білдірген этникалық қазақтардан түскен өтінішті дербес қарайды. Тұрақты негізде жұмыс істейтін мұндай комиссиялар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде құрылады.

ҚР Әлеуметтік кодексі және ҚР 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы аясында этникалық көші-қонды дамыту және қолдау бойынша жаңа заңнамалық бастамалар енгізілді. Соған сәйкес этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы енгізу жоспарланған. Ол карта бойынша жоғары деңгейлі кәсіби мамандар мен табысты кәсіпкерлердің елге кіру тәртібі жеңілдейді.

Сонымен қатар азаматтардың солтүстік өңірлерге қоныс аударуын тиімді ету үшін институционалдық шаралар қабылданған. Енді тұрғын үй сатып алуға, үй салуға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізіледі. Ол бойынша тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз қаражат беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз