Жаңалықтар

Саясат Нұрбек PhD дәрежесі бар жастардың ғылымды не себепті тастап кететінін айтты

Фото: kursiv.media

Елімізде жастар PhD ғылым дәрежесін алғаннан кейін университетке жұмыс істеуге бармайды. Мұндай пікірді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі Үкімет сағатында айтты.

«Жас ғалымдарға қатысты үлкен талдау жүргіздік. Біз неге PhD ғылыми дәрежесіне грант беріп жатырмыз? Жастар PhD-ді қорғай алмай кетеді немесе олар PhD дәрежесін қорғап, жоғары оқу орындарына не ғылыми зерттеу инстуттарына бармайды. Кей жағдайда ол жерде 1-2 жыл жұмыс істеп, кетіп қалады. Жастар ғылымға аз келеді. Осы мәселені зерттегенде шектеулер барына көзіміз жетті», – деді Саясат Нұрбек.

Айтуынша, PhD дәрежесін қорғау үшін халықаралық беделді журналдарға мақала жариялау керек. Екіншіден, жас ғалым PhD-ді қорғап, жоғары оқу орнына келгенде ол оқыған 4 жыл есептелмейді.

«Ол аға оқытушы, профессор, қауымдастырылған профессор (доцент) лауазымына конкурсқа тапсыра алмайды. Сондықтан олар қиналады, жалақы да аз. Күнделікті өмірдегі мәселелер басталады. Осылайша, олар ғылымнан кетіп қалады. Сондықтан 2021 жылы қабылданған заңның аясында жас ғалымдарға арналған гранттарды іске қостық. Бұл – жас ғалымдарды аяғынан тұрғызатын шара. Мұнда 3 жылдық бағдарламаға 500 мың теңге көлемінде айлық көзделген», – дейді министр.

Осы бағдарламаға 2013 жылдан бастап PhD ғылыми дәрежесін қорғағандар қатыса алады.

«Кейінгі 2 жылда 3 конкурс жарияладық. Нәтижесінде 881 ғылыми жоба қатысты. Жас ғалымдар (гранттарды) ұтып алды. Оларға қолдау көрсетіліп жатыр», – деді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, министрлік жыл сайын осы жоба аясында мыңға жуық гранттарды беріп, жас ғалымдарды қолдауды жоспарлап отыр.