Дүниежүзілік банк Орта Азияда климаттың өзгеруімен күресуге 12 млрд доллар бөлмек

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Kursiv.media

Сарапшылардың болжамынша жалпы Орталық Азияда климаттың өзгеруі бүкіл әлемдегі құбылысқа қарағанда екі есе жылдам жүріп жатыр. Ал, аймақтағы су тапшылығы жыл өткен сайын ұлғая береді. Сондықтан аймақ елдері климаттың өзгеруіне бейімделу үшін бірлесе күш салуы керек.

Душанбеде өткен «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» сарапшылар осындай мәлімдеме жасады.

Жабайы табиғат Дүниежүзілік қоры, «Климат және энергетика» бағдарламасының жетекшісі Алексей Кокориннің айтуынша, егер бұрын құрғақшылық 50 жылда бір келетін құбылыс болса, қазір ол 10 жылда бір қайталанатын болды. Оның болжамынша, ХХІ ғасырдың соңында олардың қайталану жиілігі бұдан әрі де арта береді.

«Яғни, құрғақшылық әр бес жыл сайын немесе үш жыл сайын қайталанып отыруы ықтимал. Сондықтан, климаттың мұндай өзгерісіне бейімделуге бола ма, деген сауал туады. Ондай ықтималдық бар. Ол үшін әрбір үй шаруашылығынан бастап, Үкімет деңгейіне дейін суды үнемдеп жұмсауға баса назар аудару керек. Бірақ, ескере кету керек, 3-4 жылда бір болатын ққұрғақшылыққа бейімделуге болады. Алайда, ол жыл сайын қайталанатын болса, бұл өте күрделі климаттық жағдай. Оған бірден бейімделу анағұрлым қиын болады», дейді Алексей Кокорин.

Әлем бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша жобаларға ең ірі қаржы бөлетін институт – Дүниежүзілік банк. Банк өткен жылы ғана әлем бойынша тек осы бағыттағы жобаларды ғана қаржыландыруға 32 млрд доллар бөлді.

Бұл туралы Душанбедегі климаттың өзгеруі жөніндегі конференция кулуарында Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Татьяна Проскурякова мәлімдеді.

«Бұл мәселенің маңызы біз үшін ұлғайып бара жатыр. Сондықтан да банктің акционерлері климаттың өзгеруі аталатын ғаламдық проблемаға көбірек көңіл бөлгенімізді сұрап отыр. Сондықтан қазір «Дүниежүзілік банк валюталарының жол картасы» атты жоба талқыға шығарылған ондағы мақсат: банктің негізгі бағыты кедейлікті жою мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы шараларға нұқсан келтірместен әлем бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу жолдарын тиімді іздеу», дейді Татьяна Проскурякова.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Татьяна Проскурякова

Дүниежүзілік банктің алдына қойған миссияларының бірі – кедейлікпен күресу болғандықтан, қазіргі уақытта Орта Азияда осы миссиядан туындайтын бірқатар жобаларды қаржыландыруда.

«Ал, Орталық Азияда Дүнижүзілік банк климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы жобаларға соңғы 30 жылда 5 млрд доллар бөлген. Қазіргі уақыттағы қолға алынған жобалар портфеліне 12 млрд доллар бөлу қарастырылған. Мұнда Орталық Азиядағы барлық елдермен жұмыс істеуге ниеттеніп отырмыз», деді Татьяна Проскурякова.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк аймақта инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Жолдардың құрылысы, Тәжікстанда Наднурек ГЭС-інің құрылысына қаражат бөлінген. Сондай-ақ, бұл елде энергетика секторының қаржылық тұрақтылығы бойынша жобалаларға көңіл бөліп отыр.

Ал, Өзбекстанда Дүниежүзілік банк күн энергетикасын дамытуға көңіл бөліп отыр. Дегенмен, тек күн энергиясы энергетикалық тұрақтылыққа ықпал ете алмауы мүмкін. Сондықтан, жалпы аймақта күн, жел, су энергетикасын тиімді пайдалану экономикалық дамуға серпін беруі ықтимал.

«Қазақстанға келетін болсақ, қазіргі таңда Дүниежүзілік банкпен ынтымақтасу мүмкіндіктері турасында ел Үкіметімен талқылау жүріп жатыр. Алайда, әзірге нақты шешімге қабылданған жоқ», деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры.

Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі экология саласындағы қолға алынуы мүмкін болашақ жобаларға қатысты консультациялар жүргізіп жатқанын Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер де растады.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Арал теңізінің солтүстігіне қатысты жоба әзірлеп жатыр.

«Бұл жобада жалпы су ресурстарын басқарудың ұзақ мерзімді мәселелері және осы аймақта тұратын қызылорда халқының тұрмысына жағымды ықпалы қарастырылуда. Ссонымен қатар, Қазақстанмен гранттық бағдарламалар бойынша, яғни табиғи ресурстарды қалпына келтіру бағытында Ғаламдық экологиялық қорымен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз», деді Джейн Эбингер.

Жалпы, Қырғызстан мен Тәжікстан аймақтағы су ресурстарына бай мемлекеттер. Алайда, оны тиімді пайдалану бұл екі ел үшін ғана емес, бүкіл Орта Азия үшін аса маңызды. 

Душанбеде өткен, «Орта Азияда климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кезінде Қырғызстанның экологтары елде қуат көздерінің 95%-ы гидроэнергетикаға тиесілі екенін мәлімдеді. Алайда, климаттың өзгеруі салдарынан Қырғызстан соңғы 50 жылда мұздықтарының 25%-ын жоғалтқан. Сарапшылардың болжамынша осы ғасырдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 80%-ға жетуі мүмкін. Мұздықтар еріп, су деңгейі төмендей берсе ел экономикасына зор қауіп төнеді.
Жабайы табиғат Дүниежүзілік қоры, «Климат және энергетика» бағдарламасының жетекшісі Алексей Кокорин климаттың өзгеруінен болатын мұндай келеңсіздіктерді азайту үшін, ауаға тарайтын зиянды шығарындылардың көлемін азайту шараларын барынша қолға алу керек дейді. Дегенмен, сарапшының ойынша дамушы нарықтарда бұл бағытта да жедел нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ол 2060, тіпті 2080 жж дейін созылуы мүмкін. Сондықтан, Орта  Азия елдері үшін климаттың өзгеруіне бейімделу ғана керек.

Бұл орайда, Өзбекстанның тәжірибесін ерекше атап өту керек. Мұнда Орта Азиядағы тұңғыш қоқыстан газ өндіру өнеркәсібі жолға қойылған, қазір осы бағытта елде екі зауыт жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Ташкент биыл 2060 жылға дейін жасыл экономикаға көшу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, 2030 жылға дейін метан шығарындыларын 30%-ға қысқартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз