ЕАЭО елдері азаматтары қазақстандық банктерден 120 млрд теңге қарыз алған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Келісім несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын айқындайды.

Депутат Сергей Карплюктің айтуынша, ЕАЭО елдеріндегі кез келген резидент (жеке немесе заңды тұлғалар) Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы банктерден несие алуға құқылы.

«Ұлттық банк мәліметінше, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша ЕАЭО-ның басқа елдерінің 2 мыңға жуық жеке және 42 заңды тұлғасы Қазақстан банктерінен 120 млрд теңгеге жуық несие алған. Алайда ЕАЭО елдері ішінде несие бойынша мәліметтермен алмасу тәртібі шешілмеген. Осы орайда аталған құжат бұл саладағы мәселелерді шешуге ықпал етеді», – деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен қарыз алуған қазақстандықтар саны 1 869 адамды құрайды. Мұндай ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Ұлттық банк дерегіне сүйеніп мәлімдеді.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың елдерінде қарыз туралы ақпараттың кредиттік бюроларға берілетін уақыты әртүрлі. Мысалы, Армения, Беларусь және Ресейде бұл 3 жұмыс күнін құрайды. Қырғыз Республикасында 5 жұмыс күні ішінде беріледі. Кредит туралы ақпараттың кредиттік бюроға берілу мерзімі Ұлттық заңнамаға сәйкес айқындалады.

Сондай-ақ оқыңыз