Фото: kursiv.media
«Ашық НҚА» порталында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кәсіби мерекелерді белгілеу қағидасына қатысты бұйрығы талқыланып жатыр.
Құжатқа сәйкес, кәсіби мерекелерді белгілеу туралы ұсынысты мемлекеттік орган басшылары, заңды тұлғалар мен азаматтар бере алады. Егер кәсіби мерекені белгілеу туралы ұсыныс заңды тұлғадан немесе азаматтан келіп түссе, хатқа тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органның позициясы қоса берілетін болады.
«Әрбір датаның, оқиғаның немесе тұлғаның кәсіп тарихы үшін маңызы, олардың патриоттық тәрбие берудегі және азаматтардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі назарға алынады. Сонымен бірге кәсіби мерекені белгілеуге негіз болған фактілер, оқиғалар расталуы тиіс» делінген құжатта.
Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мереке күндеріне ұқсас кәсіптік мереке күндерін белгілеуге рұқсат берілмейді.
Жұмыс органы кәсіптік мереке күндерін белгілеу туралы келіп түскен ұсыныстарға сараптамалық бағалауды жүргізіп, оларды қабылдауға немесе бас тартуға құқылы.
Бұл құжатта 50 кәсіби мереке бекітілген. Оның ішінде Металлург күні, Монополияға қарсы орган қызметкерлері күні, Полиция күні, Мемлекеттік қызметші күні, Судья және сот қызметкері күні, Медицина қызметкері күні, БАҚ қызметкерлері күні, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері күні, Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні, Мұғалімдер күні, Ұлттық валюта күні, Прокурорлар күні және тағы да басқа кәсіби мерекелер енген.
Бұйрық 31 мамырға дейін талықланады.
Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні енді 5 қазанда атап өтіледі. ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады. Оған дейін мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген.