Қытайдың JD.COM сауда платформасында қазақстандық тауарлар сатыла бастады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қытайдың JD.COM электрондық коммерция сайтында Қазақстанның ұлттық павильоны пайда болды. Павильонның ашылғаны туралы Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы электронды коммерция саласында Қазақстан мен Қытайдың өзара сауданы арттыруда қосымша мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер мен локдаун әсері бұл саланы дамытудың аса маңызды екенін көрсетті.

«Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Электронды коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі дамытамыз. Сонда екіжақты сауда айналымын жақын арада 40 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік туады. «Цифрлы Жібек жолы» бастамасы осы міндетті орындауға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.

Онлайн сауданы дамытудың  аса маңыздылығына тоқталған Президент Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуетін оңтайлы пайдалану қажеттігін айтты. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде осы артықшылықтарды кеңінен пайдалануды ұсынды. Президент сонымен бірге Қазақстанда жаңа кеден қоймаларын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

«Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады»,  – деді Президент.

JD com (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан.

Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. «Баян Сұлу», «FUGA BOYAKA» және «Trapeza» қазақстандық кондитерлік компаниялардың өнімдері сатылады. Сонымен бірге сусындар мен шырындар өндіруші RG Brands компаниясының «Piala», «ASU», «Solnechny», «DaDa», «Gracio», «Moe» сынды брендтері де бар.

Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісі өнімдерін Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.

2022 жылдың маусымында Сауда және интеграция министрлігі. Alibaba.com. халықаралық электронды платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылғанын хабарлаған.

Ал 2023 жылы Қазақстанда өндірілетін тауарлар бағытталатын нарық айтарлықтай кеңейе түсті. Биыл қазақстандық тауарлар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжаннан бөлек Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам елдеріне экспортталады. Осы мақсатта биыл Alibaba.com платформасына 70 қазақстандық компания тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз