АҚШ қор индекстері өсімін жалғастырып жатыр

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Америка қор индекстері АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты келіссөздер оң нәтиже берердеген үмітпен бейсенбідегі сауда-саттықты оң мәнде жапты.

Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти келіссөзге қатысушылар келесі аптада Конгресстің төменгі палатасында осы мәселе бойынша дауыс беруге мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізе алады деп сенеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден «бюджет бойынша келісімге келеміз – Америка дефолтқа жол бермейді» деген еді. Ол бір ымыраға кететіндерін, өйткені «басқа жол жоқ» екені айтты.

Сонымен қатар бейсенбі күні АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға алғашқы өтініштердің саны 22 мыңға, яғни 242 мың адамға дейін азайғаны белгілі болды. Сарапшылар жұмыссыздар саны азаяды деп болжаған еді.

Сонымен қатар, 6 мамырда аяқталған апта ішінде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуды жалғастырған американдықтардың саны өткен аптада 1,807 миллионмен салыстырғанда 1,799 миллионға дейін төмендеді. Сарапшылар орта есеппен бұрынғы деңгейден 5 мыңға, яғни 1,818 миллионға дейін өседі деп күткен.

Сәуір айында АҚШ-тың қайталама тұрғын үй нарығындағы сауда өткен аймен салыстырғанда 3,4%-ға төмендеп, жылдық мәнде 4,28 млн құрады. Наурыздағы сатылым 4,43 миллион болған.

Walmart Inc акциялары 1,3%-ға өсті. АҚШ-тың ең ірі бөлшек сауда компаниясы бірінші тоқсанда кірісінің 8%-ға өскенін жариялады.

Cisco Systems Inc бағалы қағаздары да 1,2% өсті. Бұл компания ІІІ қаржы тоқсанында өзінің таза пайдасы мен кірісін арттырған. Алайда өз өнімдеріне берілген тапсырыстың 23%-ға төмендегенін хабарлады.

Take-Two акциялары 11,7% өсті. Бейне ойын шығаратын компания тоқсанды шығынмен аяқтағанымен, инвесторлар компания жақын арада «бірнеше жаңа ойынды іске қосады» деген ақпаратты оң қабылдады. Олардың қатарында ойыншылар асыға күтіп отырған Grand Theft Auto VI бейне ойынының жалғасы болуы мүмкін.

Қытайлық интернет-алпауыт Alibaba Group холдингінің америкалық депозитарлық қолхаттары 5,7%-ға төмендеді. Дегенмен компания өткен қаржылық тоқсанда кірісін 2%-ға арттырды.

Dow Jones индустриалдық индексі 0,34 пайыз көтеріліп, 33 535,91 тармақты құрады. Индекс есебіне енгізілген компаниялардың ішінд Intel Corp акциялары көш бастап,1,8%-ға қымбаттады, ал Procter & Gamble Co. компаниясының акциялары 1,6%-ға арзандады.

Standard & Poor’s 500 39,28 тармаққа (0,94%) көтеріліп, 4198,05 тармаққа жетті.

Nasdaq Composite 188,27 тармаққа (1,5%) көтеріліп, 12688,84 тармаққа жетті, бұл 9 айдағы ең жоғары көрсеткіш.

KASE индексі 0,7%-ға өсіп, 3 614,4 тармақты құрады, Акциялары биржа индексіне енгізілген бес компания бағалы қағаздарының саудасы оң мәнде аяқталды.

Лондон қор биржасында Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының бағасы 1,8%-ға – $27,8-ге дейін, Kaspi акцияларының құны 1,2%-ға – $81-ге дейін төмендеді, Halyk Bank GDR құны, керісінше, 1%-ға өсіп, $14,2-ге дейін жетті.

Сейсенбі күні АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен «америка экономикасы ілбіп тұр»деп, Мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегін тез көтеру қажет екенін ескерткен. АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты ақпараттан кейін индекстер төмендеп кеткен еді. Алайда Джо Байден АҚШ мемлекеттік қарыз бойынша дефолтқа жол бермейді деп мәлімдегеннен кейін, ертесі АҚШ қор нарығы сауданы өсіммен жапты.

Сондай-ақ оқыңыз