Еуропаға жүк жеткізу үшін Латвия Қазақстанға өз порттарын ұсынады

Жарияланды
Фото: ҰЭМ баспасөз қызметі

Скандинавия елдеріне және одан әрі Еуропаға жүктерді жеткізу үшін Латвия Қазақстанға порттарының әлеуетін пайдалануды ұсынды. Бұл туралы Әлібек Қуантыров Латвияның көлік министрі Янис Витенбергспен кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Латвия Қазақстанның Балтық өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі. Қазақстан мен Латвия арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы $216 млн. құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 есе жоғары. Экспорт 5 еседен артық өсіп, $182 млн. құрады. Импорт 40,7 %-ға артып, $161млн. құрады.

Әлібек Қуантыров қазіргі геосаяси жағдай сауда арналарының бағытын өзгерткенін атап өтті. Оның дерегінше, Қазақстанның Еуропаға көлік бағытын әртараптандыруға және үлкен көлемдегі жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз етуге арналған Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) рөлі артып келеді.

«Осыған байланысты, Латвия тарапы жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп, Сондай-ақ кездесу барысында тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, туризм мен білім беруді дамыту мәселелері талқыланды», делінген хабарламада.

Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша министр ағымдағы жылдың 8-9 маусымында өтетін Астана халықаралық форумында осы тақырыптарды жан-жақты талқылау үшін Латвия өкілдерін шақырды. Янис Витенбергс мырза Латвияның Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз