Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлеріне бір жылда 9 млрд теңге жалақы төленген

Фото: shutterstock.com

Қазақстанда 2022 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге 9 млрд теңгеден астам сома жұмсалды. Бұл туралы мекеменің басқарма төрағасы Сәбит Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Орта есеппен алғанда 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлерге 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қорда мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бізде барлық облыстарда филиалдар бар, оларда 700-ге жуық адам жұмыс істейді», – деді Ахметов.

Сондай-ақ мекеменің басқарма төрағасы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорында мамандар көп тұрақтамайтынын айтты. Ал мекемедегі орташа жалақы – 450 мың теңге.

«Бірден айтайын, бұл көп сома емес. Өйткені бізде жыл сайын кадрлардың ауысуы 22%-ды құрайды. Яғни, әрбір бесінші адам жыл сайын жұмыстан кетеді. Жүктеме өте ауыр болғандықтан, жұмыс та өте көп. Сәйкесінше олар мұндай жүктемеге шыдамайды. Егер бізде жақсы жалақы болса, онда адамдар бізден кетпейтін еді», – деді Сәбит Ахметов.

Жалпы, МӘМС жүйесінде 3 миллионнан астам адам «сақтандырылмағаны» белгілі болды.

Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов бір жылда емханаға бармаған азаматтарға медициналық сақтандыруға кеткен қаражатының жартысын қайтарып отыру керек деп мәлімдеген еді. Депутатқа жауап берген қор «сақтандыру жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ» десе, ДСМ басшысы Ажар Ғиният бұл «заңда қарастырылмағанын» айтты.