«ҚазМұнайГаз» бірінші тоқсанда мұнай өндіруді ұлғайтты

Жарияланды

Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы, 2023 жылғы бірінші тоқсандағы өндірістік нәтижелерін жариялайды.  Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы бірінші тоқсандағы басты өндірістік көрсеткіштер:

Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 8,7%-ға артып, 5 961 мың тоннаға жетті;

Мұнай тасымалдау көлемі 3,0%-ға ұлғайып, 18 858 мың тоннаны құрады;

Қазақстандық және румындық МӨЗ-де көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 8,1%-ға артып, 4 936 мың тоннаны құрады. 

2023 жылы бірінші тоқсанда ҚМГ-нің мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 8,7%-ға артып, 5 961 мың тоннаға (тәулігіне 499 мың баррель) жетті. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 12,3%-ға 2 410 млн м³ дейін ұлғайды.

Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі 0,8%-ға ұлғайып, 1 469 мың тоннаны (тәулігіне 130 мың баррель) құрады. Ілеспе газ өндіру 0,1%-ға артып, 811 млн м³ құрады.

Қашағандағы өндіру көлемінің айтарлықтай өсуі былтыр қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ-тан «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК-ның 50% үлесін кері сатып алу мәмілесінің аяқталуы нәтижесінде жобадағы ҚМГ үлесінің 8,44%-дан 16,88%-ға дейін ұлғаюымен байланысты. Қашағанда мұнай және газ өндіру 794 мың тоннаны (тәулігіне 70 мың баррель) және 503 млн м³ құрады, сәйкесінше 105,5% және 113,3%-ға ұлғайды.

Орынбор газ өңдеу зауытының шикі газды өңдеуге қабылдауды шектеуіне байланысты Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру 1,3%-ға азайып, 281 мың тоннаны (тәулігіне 25 мың баррель) құрады. Газ өндіру 2,7%-ға артып, 565 млн м³ жетті.

Магистральды құбырлар арқылы мұнай тасымалдау көлемі 4,5%-ға ұлғайып, 16 765 мың тоннаға жетті. Көлемнің өсуіне негізінен ҚазТрансОйл жүйесі бойынша Самара бағытына қарай Қашаған мұнайы көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ Дунга және Теңіз кен орындарынан Ақтау порты бағытына мұнай тасымалының ұлғаюы әсер етті.

Мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 7,7%-ға 2 094 мың тоннаға азайды, бұның себебі – жеткізілімдердің басқа маршруттарға қайта бағытталуына байланысты қазақстандық жүк жөнелтушілердің экспорттық көлемінің төмендеуінен Жерорта теңізіндегі мұнай көлемінің азаюы.

2022 жылы ҚМГ мен Әзірбайжанның SOCAR компаниясы арасында Ақтау – Баку – Джейхан бағыты бойынша жыл сайын көлемі 1,5 млн тонна болатын мұнай транзиті туралы қол қойылған бес жылдық келісімі аясында 2023 жылдың сәуір айында Джейхан терминалынан «Petromidia» МӨЗ-і үшін Констанца румын порты бағытына қарай 90 мың тонна көлемінде мұнайдың алғашқы партиясы танкермен тасымалданды.

ҚМГ өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын өткізу көлемі 13,3%-ға ұлғайып, 5 936 мың тоннаға жетті, оның 65,9%-ы экспортқа жөнелтілді.

Ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу үшін ҚМГ ішкі нарыққа 2 027 мың тонна өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын жеткізді, оның ішінде мұнайды одан әрі өңдеп, мұнай өнімдерін өткізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) және Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) 1 294 мың тонна көлемінде операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қазақтүрікмұнай және Өріктау Оперейтинг) шикі мұнайын жеткізу бар.

Сондай-ақ оқыңыз