Фото: kursiv.media
Қазақстан мен Вьетнам арасында да визасыз режим енгізіледі. Бұл туралы Үкімет қаулысы «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық, жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы Келісімге қол қою – екі ел азаматтарының сапарлар рәсімдерін жеңілдете отырып, Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді», делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес екі тарап азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады.
Ал егер шетел азаматтары елде одан артық уақытқа қалуға ниет білдірсе, сол мемлекеттің заңнамалары мен нормативтік актілеріне сәйкес визалық құжаттарды алуға тиіс және қонақтар келген елінің заңнамалары мен нормативтік актілерін сақтауға міндетті.
Сонымен бірге екі тарап та қандай да бір себептерге байланысты азаматтардың елде болу уақытын қысқарта алады немесе қандай да бір азаматтарды елге кіргізуден бас тарта алады.
Екі тарап, келісімді қандай да бір жағдайларға байланысты уақытша тоқтатуға құқы бар. Яғни ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Келісімнің қолданылуын дипломатиялық арналар арқылы хабардар ету жолымен тоқтата тұрады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап 48 сағат өткеннен кейін, қажет жағдайда одан да қысқа уақытта тоқтата алады.
Қаулы 2 маусымға дейін талқыланады, қабылданған жағдайда, қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Осыған дейін Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу туралы келісімге келді. Бұл шара Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында жүзеге асырылды. Онда мемлекет басшысы бұдан басқа бірқатар құжаттарға қол қойылды.