Маркетиң: 2023 жылғы басты 9 тренд

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Shutterstock

2022 жыл біршама технологиялық жаңалық әкелді. Демек, ендігіде сол жаңашыл бағыттарда маркетологтар қызмет көрсету саласына бейімдейді. Қазіргі клиенттердің бейнесін сипаттағанда, олардың көз ашық, сауатты екені айтылады. Кез келген тауар не қызметті алмас бұрын таразылап, бағамдайтындар қарасы көбейген. Осы орайда маркетиң саласындағы басты трендтерді шолып шыққымыз келіп отыр. 

         Google Analytics 4-ға ауысу. Жүйенің жаңартылған нұсқасы шыққандықтан, компания алдыңғы версияны 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жоятынын хабарлаған еді. Егер сіз әлі күнге дейін ауыспаған болсаңыз, онда үлгересіз. Уақыт барда жаңартып алғаныңыз жөн. Ал енді жаңа нұсқада қандай жаңалық бар? Google Analytics 4 бұрынғыдай сеанстар мен cookie файлдарға емес, енді оқиғаларға назар аударады. Бір беттен тұратын сайттардың статистикасын жинау үшін бұған дейін міндетті түрде сайтқа қолданушылар кіріп, қарауы керек болған еді. Яғни сеанс жасау үшін басты шарттардың бірі болған. Ал енді жаңа нұсқаның логикасы басқаша құрылған: PPC (pay per click) — мамандар жағымды көрсеткіштерді қадағалап, соны арттыру үшін KPI-ға анализ жасауы керек. Жағымсыз көрсеткіштерді азайтамын деп бас қатырмайсыз. Сонымен қатар, Google Analytics 4-тен мәліметтерді өңдеп, анализ жасау жолы да өзгерді.  

         Келмеске кеткелі жатқан cookie файлдар. Google 2024 жылы cookie файлдардан бас тартатынын айтты. Ал Chrome қазірдің өзінде азайтқан. Сол себепті ауқымды аудитория жинаудың жаңа тәсілдерін қарастырған кезде оның заңды жолмен жасалуы керегін есте ұстаңыз. Маркетологтар бұған дейін сыртқы cookie файлдарда қолданып, сайтқа кірген адамдарға анализ жасайтын. Ал қазір басқа шешімдер табуға тура келеді. Ол үшін мына құралдарды пайдалана аласыз:  

  • Clearbit
  • Lusha
  • Snitcher. Бұлардың көмегімен аналитиканы «шемішкіше шағып» тастауға болады.

         Аудиторияға бағытталған таргетиң баптаулары. Таргеттің мәні сол — сіздің өнім не қызметіңізді шынымен қолданатын адамды табу. Ал таргет аудитория болса, жіберген жарнаманы көретін адамдар тізімін барынша қысқартып, тек керегін қалдырады. Бұл болса, жарнама бюджетін барынша оңтайландырады. Мысалы Яндекс Директ биыл категорияларды реттеп, жаңа сегменттер қосты. Айталық, мынадай: 

  • Қаржы — автокредит, бөліп төлеу, тұтынушы кредиттері;
  • Жөндеу жұмыстары мен құрылыс — жақында көшіп келген, жөндеу жасауды жоспарлап жатыр;
  • Бизнес — шағын және орта бизнес, бизнес иелері, бизнес ашқылы келіп жүр;
  • Медицина — емханалар, дәріханалар, стоматология, БАД;
  • Авто — белгілі бір автокөлік маркаларына қызығушылық және т.б.

         Алдағы уақытта таргетиң тізімі біртіндеп кеңейе береді деседі.

         Бірнеше канал арқылы жұмыс істеу. Қазіргі таңда бір ғана канал арқылы қолданушылармен жұмыс істеу онша тиімді емес. Адамдар тауар аларда, қызметке тапсырыс бергенде онлайн да, офлайн да таңдай береді. Мысалы, мессенжер арқылы жазғанда бренд өкілімен сөйлесіп алып, одан соң телефон соғып нақтылап, ақыры интернет-дүкен арқылы тапсырыс беруі мүмкін. Соған байланысты биылғы трендтердің бірі ретінде көп канал арқылы жұмыс істеу деп толық сеніммен айта аламыз. Ол үшін компания түрлі дереккөзден ақпарат іздейді. Сөйтіп әр клиент туралы көбірек мәлімет алады. Қай кезде, қандай себеппен хабарласты, қаншалықты жиі сатып алды, не алды — бәрі құнды. Осылай істеу арқылы компания қызмет көрсету сапасын арттырып, табысын да шарықтата алады.  

         Бұл тренд CDP (Customer Data Platform) яғни, көп каналды деректерді атрибуциялау платформаларының көбеюімен тікелей байланысты. Себебі бұл платформалар компания клиенттері туралы деректерді онлайн да, офлайн да дереккөздер арқылы жинайды. Бизнес үшін бұл — өте жақсы құрал. Сауда статистикасын қарап отырып, маркетиң көрсеткіштерін де бақылауға мүмкіндік береді. Әрі әр клиенттің жүрегіне жол табуға да болады.    

         Live эфирлер өткізу. Ең жақсы тұсы — тікелей эфирде тауар мен қызметті толық көрсетіп, таныстыруға болады. Сол жерде талқылап, ұнаса сатып алады. Live формат жарнама ролигі не мәтініне қарағанда әлдеқайда сенімдірек көрінеді. Клиенттер бренд өкілін көріп, олардың ұстанымын, құндылығын біліп, брендке деген лоял қарым-қатынас қалыптастырады. Осылайша бәсекелестерден ерекшеленіп, оқ бойы озық жүруге мүмкіндік ашылады. Жеке бренд қалыптастыруға да көмектеседі. Қолданушылардың басым бөлігі стримдерде тауар мен қызмет жайлы көбірек ақпарат алатынын айтқан. Сондықтан биыл тікелей эфир көбейеді.    

         Чат-боттар мен дыбыстық іздеу әдісі. Чат-бот қазір шынында трендке айналды. Алдыңғы жылдары басталғанымен, әлі де өзекті. Бизнес өз өнімін 24/7 сатқанды жақсы көреді. Кей адамдар ұйықтар алдында ойланып, қызды-қыздымен тапсырыс беріп қояды. Кәсіп иелері мұны жақсы білгендіктен, чат-бот қосып алады. Қызметкерлер кесте бойынша жұмыс істейтіндіктен, олар жұмысқа келіп, хатқа жауап бергелі жатқанда клиент басқа жерден алып қойған болып шығуы мүмкін. Жасанды интеллект арқылы боттар тіпті «ақылды» бола бастады. Өйткені олар адамдармен «тірірек» жауап беріп, сөйлесуді үйренеді. Күрделі сұрақтарға жауап бере алады. Биылғы трендтердің ішінде чат-боттардың адамның сөзін жақсырақ түсіне түсетінін айту керек. Яғни дыбыстық іздеу көмекшісінің функциясы қосылған боттар шыға бастайды. 25-64 жас аралығындағы адамдардың 61 пайызы дыбыстық іздеу функциясын қолданғанды жақсы көреді екен. Неғұрлым көп қолданылған сайын дыбыстық көмекші дами түседі. Демек, бизнеске осы бағытта жұмыс істеп, контентін соған лайықтаған абзал. Алдағы уақытта іздеу жүйелері әңгіме мен ұзақ сұраныстарды да өңдеуді үйренеді.  

         Инфлюенсерлерді тарту. Танымал адамдар мен қоғамдағы ықпалды блогерлерге көпшілік қызығады, ойын тыңдайды, ұқсауға тырысады. Тіпті солардың ақ дегені — ақ, қара дегені — қара болса да таңғалмаймыз. Бренд имиджінің мәселесін инфлюенсерлер шешетін тренд біртіндеп байқалып келеді. Мысалы күннен қорғайтын кремнің қайсысын аларыңызды білмей жүргенде өзіңізге ұнайтын бір блогер жарнамасын келістіріп тұрып, бір крем ұсынса, сізге оның пікірі әсер ететіні белгілі. Әрі танымал адамдардың белгілі бір бренді қолдануы ол компанияға деген сенімді де арттырады. Әрине, олар ақша үшін жарнама алып, мүлдем қолданбауы ғажап емес, әйтсе де, көпшілік «бұл жаман тауарға жарнама жасай қоймас» деген оймен сатып алып, қолдана бастайды. Айтпақшы, 2023 жылы микроинфлюенсерлер трендте, яғни оқырманы аз, шамамен 10 мыңға жуық фоллоуері барлардың күні туды. Бұрынғыдай миллиондаған оқырманы барлардан гөрі аудиториясы аздау блогерлермен жұмыс істеу маркетологтарға нәтижелірек болып тұр.  

         Интерактив контент. Қолданушы тартып, өнімнің жарнамасын өткізудің бірден-бір жолы — интерактив контент. Соның ішінде мына форматтар өтімді: 

  • Quiz. Белгілі бір тақырып бойынша біліміңді сынап көруге мүмкіндік беретін не ойын-сауық форматындағы тест;
  • Photo stories. Слайд-шоу;
  • «Бұрын қандай еді/қазір қандай болды» форматы;
  • Мемори. Бірдей суреттерді табатын немесе суреттен сәйкестік табатын ойындар;
  • Рейтиң, сауалнама, дауыс беру;
  • Қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беретін, тег жасалатын интерактив суреттер.

         Бұл форматтың қызығы таусылмайды. Өйткені қолданушыны өзіне тартып қана қоймай, сайтта көбірек уақыт өткізіп, сол арқылы маркетологтарға кірген адамдар туралы барынша көп ақпарат алуға көмектеседі. Ал ол болса, сегменттеу үшін өте қажет.  Бұдан бөлек, қолданушылардың өздері жасаған, брендті натив түрде жарнамалайтын контенттерге де басымдық беріле бастайды. Мысалы, анпакиң, шолу, пікір, хештегтер, репостар және т.б. Осы құралдар арқылы тауар туралы ақпарат жарнама түрінде емес, шынайы пікір ретінде қабылданады. Ұсыныс деп ойлайды. Ал ұсыныс жасалса, демек сенуге болады деген ой қалыптасады.

         AR мен VR. Иә, мұның да уақыты жетті. Бұрын айтса, сенбеуіңіз мүмкін еді. Дегенмен 2022 жылы бұл технологияларды қолданатын қолданба саны артып, нарықтағы салмағы басым түсті. 2023 жылы сол тренд одан әрі артады. Қазір аталған технологиялар косметиканы сынап көруге, киім киіп көруге, интерьер мен дизайн-жобалар жасауға, басқа да салаларда кеңінен қолданып келеді. Трендтің даму бағыттарының ішінде негізгілері мыналар:

  • Қашықтан істеу. Қолданбалар арқылы сол жерде отырғандай, жиналысқа шынында қатысып отырғандай әсер береді, ортақ тақта пайдалануға да мүмкіндік беретіндері бар;
  • AR мен жасанды интеллектінің қосылуы. Ол үшін объектілерді жақсырақ танитын компьютер жанары қолданылады. Айталық, қабырға, еден дегендей. Бұл дизайнерлер қолданбасында жиі пайдаланылады;
  • AR-көзілдірік. Таққан адамның көзінің көру қабілетіне қарай автомат түрде бейімделеді.
Сондай-ақ оқыңыз