Жаңалықтар

2040 жылға қарай Алматы халқы 3 млн-ға жетеді: Үкімет шаһардың бас жоспарын бекітті

Фото: kursiv.media

2040 жылға қарай Алматы халқының саны үш миллионға жетеді. Халықты үймен қамту үшін ол уақытқа дейін 45.6 млн шаршы метр үй салыну керек. Бұл туралы қаланың бас жоспарын талқылау барысында экономист ​​Тамара Залогина айтты.

Үкімет Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын бекітті. Онда қаланың алдағы онжылдықта даму тұжырымдамасы бекітілген.

Бас жоспарды әзірлеген сарапшылардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 миллионға, ал 2040 жылға қарай 3 миллионға, 2050 жылы 3,6 миллионға жетеді.

«2014 жылы халықтың механикалық өсімі 134 000 адамға күрт өсті. Қаланың ауданы 44 мың гектардан 68 мың гектарға дейін ұлғайды. Содан кейін де халық саны күрт өскен кезеңдер болды, дегенмен, адам саны біркелкі өсіп келеді деп айтуға болады», дейді экономист.

Тамара Залогинаның айтуынша, қала халқының саны механикалық өсім есебінен – 60 пайызға, ал табиғи өсім есебінен 40 пайызға артып келеді. Ал болашақта халықтың табиғи өсімі артады. Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіш 2021 жылы 47%-ды құраса, 2050 жылға қарай 60%-ға дейін өсуі мүмкін.

Бас жоспаға сәйкес, шаһарда бес жаңа полиорталық құрылады. Әрі өмір сүруге ыңғайлы, барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген іскерлік белсенділік орталықтарына айналған, әрқайсысы өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан болмақ.

Бас жоспарда жаңа мектептер, ауруханалар салу, жасыл аймақтарды, саябақтар мен алаңдарды көбейту көзделген. Алматыға «жасыл қала» атағы қайтарылады. Соған сай автобустар газ бен электр тартқышқа ауыстырылады, метро желісі, жеңіл рельсьі транспорт инфрақұрылымы салынып, қоғамдық көлікте жүру ыңғайлы болмақ.

Өткен жылдың қыркүйек айында әкімдік «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасымен және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасы құрылған. Бас жоспар сол бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.