Фото: shutterstock.com
Джо Байден АҚШ дефолтын жоққа шығарып, Конгрессті мемлекеттік қарыз лимитін көтеру мәселесін шешуге шақырды. Бұл туралы Интерфакс агенттігі жазады.
Байден жексенбі күні Хиросимада өткен баспасөз мәслихатында:
«Дефолтқа жол берілмейді. Америка ешқашан өз қарызы бойынша дефолтқа ұшырамаған, алдағы уақытта да мұндайға жол бермейді» деді.
Сонымен қатар ол осы проблемаларға қатысты бірқатар негізгі мәселе бойынша әлі күнге дейін республикашылдармен консенсус жоқ екенін мойындады.
Президент сондай-ақ АҚШ Конгресін АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шегін көтеру мәселесі бойынша жұмысты жалғастыруға шақырды. Атап айтқанда, ол Конгресстегі республикашыларға «қасарысқан ұстанымынан» шегінуді ұсынды.
«Республикашылар екі жақты келісім олардың шартымен ғана жасалмайтынын мойындайтын уақыты келді», – деді Байден.
Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Бен Ла Болт өз кезегінде «республикашылар экономиканы кепілге алып, оны дефолт шегіне апара жатыр, бұл миллиондаған жұмыс орнын жоғалтып, елді рецессияға ұшыратуы мүмкін» деді.
Луизиана штатының республикашыл конгрессмені Гаррет Грейвс АҚШ-тың мемлекеттік қарыз лимитін көтеру бойынша келіссөздер тоқтап тұрғанын айтты.
Келіссөзге қатысушылар 1 маусымға дейін Өкілдер палатасында да, Сенатта да қолдау ала алатын мемлекеттік қарыз алу шегін ұлғайту туралы келісімге келуге тырысып жатыр. Қазынашылық хатшы Джанет Йеллен бұған дейін ескерткендей, қазынадағы қаражат таусылып, бұл мемлекеттік қарыз бойынша дефолтқа қауіп төндіруі мүмкін.