АҚШ Қаржы министрлігінен Қазақстан банктерінің санкция бұзғаны жайлы мәлімет түспеген

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне АҚШ Қаржы министрлігі тарапынан қазақстандық банктердің санкцияны бұзғаны жайлы мәлімет түспеген. Бұл туралы ҚНРДА баспасөз қызметінің берген жауабында айтылған деп жазады Kapital.kz.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше телеграм-канал АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Қазақстанның 3 банкі мамыр айының соңына дейін санкцияға ілігуі ықтимал деп мәлімдегені туралы ақпарат таратқан. Алайда ҚНРДА бұл қауесетті жоққа шығарды.

«Бүгінде Агенттік Қазақстанның қаржы секторына шет мемлекеттердің қайталама санкциясының алдына алу шараларын қолға алып жатыр», – деп сендірді агенттік.

Бұл ретте қазақстандық банктер де өз қызметі аясында, санкцияға ұшырап қалмайық деп сақ жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, банктер санкция салынған тауарлар сатылуына жол бермес үшін, шетелдік сайттар арқылы бақылап отыр.

Сәуір айында Қазақстанға сапары барысында Элизабет Розенберг «Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып келеді» деп мәлімдеген еді.

Соның ертесі ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қайталама санкция салынбас үшін қазақстандық банктер бүкіл талаптарды орындап жатқанын айтқан.

Ал «Ақжол» партиясының депутаттары Ресейге салынған санкцияны бұзған қазақстандық банктер мен компаниялардың атын атап, түсін түстеу керек дейді. Сонымен қатар олар Әлихан Смайылов бастаған үкімет Ресей Федерациясымен сауда-саттықта халықаралық санкцияларды сақтауға қатысты қандай шара қабылдап жатқанын сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз