Жаңалықтар

Биыл сумен жабдықтауға арналған 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді

вода
Фото: Primeminister.kz

Үйлестіру штабының елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралған отырысында Әлихан Смайылов «Құбырлардың жиі жарылуынан тұрғындар айлап сусыз қалып отыр» деді, Ол ауыз су саласындағы «аяқталмаған құрылыстарға» қатысты жұмыстарды сынға алды.

«Ақмола облысының Егіндікөл ауданында әбден тозығы жеткен Нұра су өткізгіші жалғыз өзі 12 ауылды сумен қамтамасыз етіп отыр. Ондағы судың шығыны 70-80%-ға жетеді. Бұл ауылдардың тұрғындары құбырлардың жиі жарылуынан айлар бойы сусыз қалады», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр биыл халықтан ресми түрде 9 мың шағым келіп түскенін атап өтіп, ең төмен көрсеткіштері бар облыстарға жұмысты жандандыруды, ал Индустрия министрлігіне бақылауды барынша күшейтуге тапсырды.

Ол мұндай кемшіліктер тек бүгін айтылған өңірлерге ғана емес, көптеген әкімдіктерге тән екенін айтты. Атап айтқанда, Абай, Жамбыл, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында жобалау құжаттары әзірленбеген. Сондай-ақ 154 ауылда су тазарту модульдерін орнату қажеттілігіне қарамастан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері бұл жұмыстарға қажетті қаражатты толық көлемде қарастырмаған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлгінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда ауыз суға қолжетімділік қалаларда – 98,4%-ды, ауылдарда – 94,5%-ды құрап отыр. Ең аз қамту Абай, Ақмола және Жамбыл облыстарының қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында тіркелген.

Биыл сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1 395 ауылдың халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет.

Премьер-Министр мамыр айының басында Үкімет отырысында ауыз су жобалары бойынша «аяқталмаған құрылыстар» туралы айтылғанын еске салды. Оларды аяқтаймыз дегенше, қолданыстағы инфрақұрылымдар жарамсыз болып жатыр.

Қазақстан – суы аз әрі тапшы мемлекет саналады. Негізінен су тапшылығы суды шектен тыс қолдану салдарынан пайда болады. Қазақстандықтар суды Еуропа халқымен салыстырғанда 3 есе артық жұмсайды. Экологтар бүгінде елдегі өзендер мен көлдердің тартылып жатқанын, «судың сұрауы бар» екенін ескерткен.

Ал ауылдардағы су мәселесін шешуге 25 млрд теңге қажет.

Бүған дейін Су кодексіне сәйкес, мемлекет маңызды топқа кіретін және дербес жергілікті сумен жабдықтау жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайтыны хабарланған еді.