«Әрбір үшінші кәсіпкер құқық бұзушы»: Бас прокуратурада бизнесті қорғау мәселелері талқыланды

Жарияланды
Рустам Журсунов

фото: kursiv.media

2015 жылдан бастап Бас прокуратураға кәсіпкерлерден түсетін шағымдар 4 есе өсті. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бизнесті қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте мәлімдеді.

«2015 жылы шағымдардың жалпы саны жылына шамамен 175 мың болса, 2022 жылдың 7 айында 70 мың шағым түскен. 2022 жылы әділет органдарына мемлекеттік мекемелердің әрекеті мен әрекет етпегеніне байланысты 20 мыңнан аса талап (иск) түсті. Барлық арыздың 54%-ы – орталық атқарушы органдарға, 38%-ы – жергілікті атқарушы органдарға түскен», деді Рустам Жүрсінов.

Ол сондай-ақ бизнес қандай жағдайда шағымданатынын айтты. Олар:

  • мемлекеттік органдардың тексерісі;
  • жауапқа тарту;
  • мемлекеттік сатып алу.

«Тексерулерге тоқталсақ, биылдан бастап барлық тәуекелді автоматтандыруға мүмкіндік беретін жүйенің нормасы күшіне енді. Автоматтандыру болмаған жағдайда мемлекеттік органдар бақылаудағы субъектілер санының 5%-дан аспайтын мөлшерін тексеруге құқылы. Басқаша айтқанда, биылдан бастап тексерулердің 95%-ын осы цифрлық жүйе анықтауы керек. Бірақ қазір салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің басым бөлігі әлі жасалып жатыр», дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Ол премьер-министрдің мемлекеттік органдарға бұл жұмысты 2023 жылғы наурызға дейін аяқтауды бірнеше рет тапсырғанын айтып өтті. Сондай-ақ Бас прокурор Берік Асыловтан осы мәселені бақылауға алуды сұрады.

«Бұл – маңызды мәселе. Себебі бәрі автоматтандырылса, біз заңсыз тексерулерге қатысты шағымдардың санын айтарлықтай азайтамыз. Жарты жыл бұрын мен соңғы бірнеше жылда бизнеске қатысты әкімшілік істердің өсуі байқалғанын айттым. Мысалы, 2015 жылы – 253 мың, ал 2022 жылы 602 мың болды. Цифрға қарасаңыз шошисыз. Өйткені 2022 жылы бізде бизнес субъектілерінің жалпы саны 1 млн 800 мың екенін ескерсек, онда әрбір үшінші кәсіпкер құқықбұзушы болып шығады», дейді Рустам Жүрсінов.

Кеңеске қатысып отырған Бас прокурор Берік Асылов кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің сөзіне қосылып, бұл бойынша мәселелер бар екенін айтты.

«Дұрыс атап өттіңіз, жергілікті жерлерде әкімшілік кедергілер бар. Бұл проблема жергілікті кәсіпкерлер, инвесторлар үшін де өзекті. Шын мәнінде, жергілікті жерлердегі әкімдіктер, бақылаушы органдар бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасауға тырыспайды. Бірнеше рет кездесу өткіздім, сол жерде кәсіпкерлер мен инвесторлар мәселе барын айтады. Уәкілетті органдар, оның ішінде әкімнен бастап барлық бөлімшеге дейін бұл бизнесменге қалай көмектесуге болатына басын қатырмайды. Барлығы бюджет қаражатын тарту есебінен ескі тәсілмен жұмыс істейді», дейді Берік Асылов.

Бас прокурор қалталы азаматтардың бар екенін, оларға тек жер мен инфрақұрылым қажет екенін айтты.

«Ақшасы бар адамдар да аз емес. Олар жер мен инфрақұрылымды сұрайды. Жергілікті әкімдіктер оларға бермейді. Қайда барсақ та барлық жер бос емес! (…) Жұмысты қайта бағыттау қажет. Осыған байланысты облыс прокурорларына бизнес пен инвесторға тәулік бойы құқықтық кеңес беруді тапсырамын. Бұл – жаңа жұмыс. Соған қарамастан айтып отырмын. «Атамекен» ҰКП-мен тиімді өзара іс-қимыл керек», деді Бас прокурор.

Сондай-ақ оқыңыз