Алматы әуежайының құны 737 млн долларлық жаңа терминалы несімен ерекше?

Жарияланды

Фото: Ақжігіт Әділбеков

Алматы әуежайында жер асты көлік тұрағы болмайды. Оның орнына лаунж-аймақ салынады. Бұл туралы TAV Construction Co атқару комитетінің мүшесі Джимхур Каур мәлімдеді.

Жалпы, 2024 жылдың жазынан бастап Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминал пайдалануға берілмек. Жаңа терминалдың арқасында жолаушылар ағыны 2 есе артады деп жоспарланып отыр. Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) ұйымдастыруымен, жаңа терминал құрылысы аймағында өткен әуежай басшылары мен журналистердің кездесуінде Джимхур Каур, алдағы қыста климаттық ахуал тосын жағдайлар тудырмаса, құрылыс белгіленген мерзімнен ерте аяқталуы да мүмкін екенін жеткізді. Қазіргі уақытта жоба 59,16 пайызға аяқталып тұр екен. Жобаның жалпы құны 737 млн доллар болса, соның 40 млн долларын ЕАДБ құйған.

Алматы әуежайының аға вице-президенті Фатих Өмірдің айтуынша, қазірдің өзінде қазіргі терминал өз мүмкіндігінен екі есе артық жүктемені көтеріп тұр.

«Біз бұл әуежайды 2022 жылдың мамыр айында сатып алдық және халықаралық терминал құрылысын бастадық. Бұған себеп болған – ескі терминалдағы өткізу қабілетінің жаңа талапқа жауап бере алмауы. Оның өткізу қабілеті – 2,7 млн адам болды. Ал біз биыл 7,2 млн адамды тасымалдадық. Біз жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысын 2024 жылдың жазында аяқтаймыз деп отырмыз. Өткізу қабілетін 2 есе арттыруды жоспарлаудамыз. Яғни 14 млн адамға дейін қабылдауға ниеттіміз. Терминал пайдалануға берілгеннен кейін ол тек халықаралық рейстерге ғана қызмет көрсететін болады. Қазіргі терминал тек ішкі рейстерге арналады», деді.

Ол сондай-ақ әуежай жанындағы қосымша қызмет көрсету аймақтары туралы да пікір білдірді.

«Әуежайда жер асты көлік тұрағы болмайды. Бірақ біз қазір көлік тұрағы аймағын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін 800 шаршы метрлік аумақтағы лаунж-аймақ болады. Транзиттік жолаушылар сол жерге орналасады. Сондай-ақ жолаушы өзін әуежай ішінде мейлінше жайлы сезінуі үшін түрлі ойын-сауықтық және коммерциялық аймақтар қызмет көрсетеді», дейді ол.

Фатих Өмірдің айтуынша, қазір алдағы 30 жылға мастер-жоспар құрылуда. Мастер-жоспардың нәтижесінде пайда болатын түрлі жаңа инновацияларды сәл кейінірек жария етпек.

Фото: Ақжігіт Әділбеков

Пресс-тур аясында 3 жыл бұрын пайдалануға берілген Түркістан халықаралық әуежайы да таныстырылды. Техникалық директордың орынбасары Бақтияр Атажановтың айтуынша, әуежай биыл 400 мың жолаушыны қабылдауды жоспарлап отыр. Былтыр көрсеткіш 371 мың адам болған.

«Жолаушылардың 30 пайызы – туристер. Жалпы, әуежай жылына 3 млн адамды еркін қабылдай алады. 2023 жылдың қазанында Әбу-Дабиге рейс ашылады. Сондай-ақ Самарқандпен әуе қатынасын орнату бойынша мәселе талқыланып жатыр. Түркістанға көбіне Түркия және көршілес түркі мемлекеттерінен жолаушылар жиі ұшып келеді. Сонымен қатар 11 өңірлік әуежайлармен байланыс орнатылған», деді Бақтияр Атажанов.

Бұл әуежай – мемлекет меншігінде. Қаладан 16 километр қашықта орналасқан. Жобаны ЕАДБ және түркиялық YDA Group қаржыландырған. Барлық ғимараты мен инфрақұрылымын қоса алғанда жоба құрылысы 11 ай бойы жүрген.

Қазіргі уақытта әуежайда жүк тасымалын жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз