Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламамен 6-7 сағат ішінде онлайн несие рәсімдей алады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында микро, шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеуге арналған онлайн платформа іске қосылды. Жобаны әзірлеген мамандар несие алу мерзімі қысқарғанын, палтформа арқылы бір тәулік ішінде несие алуға болатынын айтады. Бұл өз кезегінде банктің несие берудегі операциялық шығындарын 10 есеге қысқартады.

Жобаны Freedom Holding Corp және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры таныстырды.

«Біз «Дамумен» бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлерге әлемдегі ең төмен мөлшерлемемен (7%) несие беруге мүмкіндік беретін бизнес-процесті құрып шықтық. Бұл жобаға өткен жылдың күзінде кірістік. Сол кезде біз үшін кәсіпкерлерді несиелендіру идеясының өзі қызық әрі күрделі көрінген. Қазіргі таңда біз өзіміздің жеке бағдарламамыз бойынша күніне шамамен 1 млрд теңге көлемінде несие беріп келеміз», деді Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов.

«Freedom Bank» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов «ДАМУ» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнесті кеңейту және жаңғырту аясында 20 миллион теңгеге дейін алуға болатынын айтты. Аймаққа байланысты несиенің сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан басталады.

«Цифрлық ипотека мен автокөлік несиесі аясында жинақталған тәжірибелерді біз кәсіпкерлерді несиелеуге де қолдандық. Біз әлеуетімізді бағаладық. Шамамен 840 000 тұтынушының әртүрлі бағдарламалар бойынша несие алуға, жеке және мемлекеттік несиелеуге келетінін анықтадық. ШОБ үшін несиенің орташа мөлшері 6,2 млн теңге болса, онда нарықтың әлеуеті корпоративтік несиелер бойынша 520 млрд теңгеден 5,2 трлн теңгеге дейін құрауы мүмкін», дейді Жұмағұлов.

Несие алу үшін банк сайтында ЖСН немесе БСН және телефон нөмірі мен бизнес тіркелген қаланы енгізу керек. Бұл ретте кәсіпкердің банкке барып, құжаттарын жинап, келісім-шартқа қол қоюдың қажеті жоқ. Қарыз алушының барлық деректері автоматты түрде тексеріледі. Бұл несиені өңдеудің бұрын қолданылған шарттарын 14 күннен бір күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл платформа 90 түрлі мемлекеттік қызметпен интеграцияланған.

Егер кәсіпкер қандай да бір себептермен мемлекеттік бағдарламадан өтпей қалса немесе кәсібіне одан да көп қаражат қажет болса, өтініш беру барысында ол Freedom Bank-тен кепілсіз немесе кепілдендірілген несие бойынша, оңтайлы шарттарды таңдай алады. Мұнда кәсіпкерлікті дамытуға 100 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Оның берілетін мерзімі 5 жылды құрайды, ал сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан басталады.

«Біздің банктің негізгі бағыты – шағын және орта бизнесті белсенді қолдау. Осы себепті біз өзіміздің несиелік бағдарламаларымызды іске қосып қана қоймай, «Даму» қорының жеке кәсіпкерлерге субсидиялар мен кепілдіктер беретін мемлекеттік бағдарламасына қосылдық. Несие беру процесінің әрбір қадамын цифрландыру арқылы біз нарықта қаражат беру бойынша жылдамдықтың жаңа стандартын белгіледік. Инвестициялар мен айналым қаражатын толықтыру үшін ақшаны есептеу 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Кәсіпкердің шоты мен картасы да онлайн түрде ашылады. «Даму» компаниясының кепілдігі де онлайн 6-7 сағат ішінде беріледі», — дейді Айдос Жұмағұлов.

Турловтың айтуынша, кәсіпкерлерге несие берудің мұндай жоғары жылдамдығы банктің операциялық шығындарын 10 есеге қысқартады. Бұл өз кезегінде пайыздық мөлшерлеменің одан да төмендеуіне әкеледі. Мәселен, қазір Freedom Bank-тің бір күнде бір несие бергені үшін операциялық шығыны 40 мың теңгені құрайды. Ал несие 7-14 күн ішінде берілсе, оның шығыны 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетеді екен.

«Шағын несиелерді беру – андеррайтинг (клиенттің несиелік қабілетін бағалау), қарыз алушыны тексеру, оның сенімділігін, несие қабілеттілігін бағалау сынды барлық процестер автоматтандырылған және цифрландырылған кезде тиімді болады. Мұның бәрі тарифтердің әлдеқайда төмен болуын қамтамасыз етеді. Бұл тетіктер нарықты толығымен өзгерте алады. Өйткені кәсіпкер үшін неғұрлым қаражат қолжетімді болса, соғұрлым бизнесін дамытуға мүмкіндігі мол болады», дейді Тимур Турлов.

Ол 2014 жылдан бері корпоративтік несиелердің жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе төмендегенін айтты. Ал дамыған елдерге ілесу үшін қазақстандық бизнеске қыруар қаржы қажет.

«Олар қазірдің өзінде өсе бастады. Банк жүйесі мұндай өзгеріске дайын. Тарифтерді төмендету мүмкіндігі пайда болған кезде бизнес тек мемлекеттік қолдаумен ғана емес, нарықтық ресурстарды пайдалана отырып өсе алады. Бұл үкіметтің ақшасын үнемдеуге мүмкіндік береді және шағын, орта және ірі бизнеске еліміздің дамуы мен өсуіне белсенді түрде инвестиция салуға мүмкіндік береді», деп түйіндеді өз ойын Тимур Турлов.

Freedom Bank қаржылық қызметтерді, бөлшек сауда брокерлігін, бағалы қағаздармен сауданы, инвестициялық банкингті және андеррайтинг қызметтерін ұсынатын Freedom Holding Corp құрамына кіреді. Холдингтің штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Компанияның сонымен қатар 15 елде өкілдігі бар. Бүгінгі таңда холдингтің жай акциялары Nasdaq Capital Market, Қазақстан қор биржасында, Санкт-Петербург және Украина қор биржаларында саудаланады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры осыдан 26 жыл бұрын құрылған. Оның негізгі мақсаты – шағын және орта бизнесті қолдау. «Даму» компаниясының жалғыз иесі – Қазақстан үкіметіне тиесілі «Бәйтерек» холдингі.

Сондай-ақ оқыңыз