Декреттік демалыс немесе төтенше жағдай кезінде несие төлемін кейінге қалдыруға болады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие бойынша төлемді кейінге қалдыру негіздерін анықтайтын түзетулерді әзірледі. Бұл себептердің арасында орташа айлық жалақының азаюы мен бала дүниеге келуіне байланысты декреттік демалысқа шығу да бар. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Декреттік демалыс пен жалақының азаюынан бөлек несие бойынша төлемді кейінге қалдыруға келесі жағдайлар негіз болуы мүмкін:

  • қарыз алушының жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі;
  • қарыз алушының халықтың әлеуметтік осал тобына жатқызылуы немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;
  • қарыз алушының екі айдан астам уақыт уақытша еңбекке жарамсыздығы;
  • қарыз алушының орташа айлық табыстың төмендеуіне әсер еткен жақын туысының, жұбайының науқастануына, қайтыс болуына байланысты мән-жайлар.
  • қарыз алушының мерзімді әскери қызметке шақырылуы.

Қарыз төлеуге мүмкіндік бермейтін жазатайым оқиғалар да осылардың қатарына кіреді. Алдын алуға мүмкіндік жоқ төтенше жағдайлар: өрт, су тасқыны, әскери іс-қимылдардан борышкердің мүлкіне залал келсе, несиесін кейінге қалдыруға өтініш бере алады.

Бұған дейін fingramota.kz қарыз алушыларға кредит бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған жағдайда не істеу және қайда жүгіну керегін толық жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз