Мемлекетке қайтарылған активтерді басқару үшін арнайы қор құрылады

Жарияланды
Активтер

Мәжіліс депутаттары «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын қарайды.
24 мамырда өтіп жатқан Мәжілістің жалпы отырысында 5 заң жобасы қаралатын болды. Олардың ішінде «Прокуратура туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының жобасы, «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу, «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу бар.

Палата отырысында баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеді.

«Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді депутат Магеррамов.

Оның айтуынша, негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған.

Сонымен қатар, депутаттың дерегінше заң қолданысқа енгізілгеннен кейін Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылатын болады, ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын болады. 

«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын әзірлеудің негізгі  мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу», деді ол.

Сонымен қатар «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.

Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер көзделеді.

«Заң жобаларын қабылдаудың мынадай оң әлеуметтік-экономикалық салдары бар: қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою». деді депутат.   

Сондай-ақ оқыңыз