Жаңалықтар

Абай облысындағы өрт: төтенше жағдай жарияланады

Абай облысында өрт

Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, ормандағы өрт сөндіріліп жатыр.

«Жедел штаб құрылды. Жағдай ерекше бақылауда. Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орман алқабындағы өртті сөндіруге желдің екпіні су-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалуын қиындатып отыр. Өрт шалған аумақтың ауданы 3,5 мың гектар болды. Орман өртін сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, бір өрт сөндіру пойызы және 852 адам жұмылдырылды. Бүгін Бородулиха ауданы бойынша төтенше жағдай режимі жарияланады», – деді Нұрлан Ұранхаев.

Өңір басшысы елді мекендерге қауіп төнбегенін атап өтті.

«Дегенмен сақтық үшін 277 адам туыстарының үйлеріне эвакуацияланды. Тонау фактілерінің алдын талу үшін эвакуциялау орындарында 20 полиция қызметкері кезекшілік етіп жатыр», – деді облыс әкімі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртті тез сөндіруге тапсырма берді.

«Өткен отырыста біз өрт қауіпсіздігіне дайындық мәселесін қарастырдық. Қауіп өте жоғары. Ең бастысы елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толық сөндіру керек. Бұл – Абай облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті», – деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Әлихан Смайылов Абай облысына өрт сөндіру күштері мен техникалар жіберіп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкіметтің атынан алғыс айтты.

«Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақтарын толық жойып, келтірілген залалды бағалау үшін «Семей орманы» резерватының аумағына тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бақылау Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярда», – деді ол.

Еске салайық, Ресей аумағында тұтанған орман өрті «Семей орманы» табиғи резерватын шарпыған болатын.

22 мамырда тұтанған өрттен «Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Березовка шипажайы мен Березовка подхозы орнында 15 адамнан тұратын қызметкерлермен кезекшілік ұйымдастырылды», делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.