АҚШ пен Еуропа қор нарықтары құлдырап жатыр

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

АҚШ-тың мемлекеттік қарыз шегіне қатысты келісімге келе алмауы АҚШ-тың ғана емес, Еуропаның да қор нарығына әсер етіп жатыр. Американың негізгі индекстері құлдырап, бағалы қағаздары арзандап барады. Ал Еуропа қор нарығы кейінгі екі айдағы ең төмен көрсеткішін байқатты. Оған АҚШ мемлекеттік қарызына қатысты белгісіз жағдай ғана емес, Ұлыбритания инфляциясының жоғары болуы ықпал етті.

Сәрсенбі күнгі сауда-саттықты Dow Jones Industrial Average индексі төртінші сессия қатарынан теріс мәнде жапты. Ол 0,77% төмендеп, 32 799,92 тармақты құрады.

Standard & Poor’s 500 индексі 30,34 пункт (0,73%) төмендеп, 4115,24 тармақты құраса Nasdaq Composite 76,08 ұпай (0,61%) жоғалтып, 12484,16 деңгейінде тұрақтады.

Ал Еуропаның Stoxx Europe 600 ірі индексі 1,8%-ды жоғалтып, 457,65 тармақты құраса, неміс DAX 1,9%-ға төмендеп, үш аптадағы ең төменгі деңгейге түсті. Оның үстіне акциялары индикатор есебіне енген 40 компанияның барлығында да баға арзандағаны байқалды.

Ұлыбританияның FTSE 100 индексі 1,75%-ға, Францияның CAC 40 индексі 1,7%-ға (екі айдағы ең төменгі деңгейге дейін), Италияның FTSE MIB индексі 2,4%-ға және Испанияның IBEX 35 индексі 1,1%-ға төмендеді.

АҚШ-тың қарыз бойынша келіссөздерде прогресс болмағандықтан, нарықтағы қобалжу артып келеді. Өкілдер палатасының спикері республикашыл Кевин МакКарти сәрсенбіде өз командасының мүшелерін «келіссөздерді аяқтауға тырысу» үшін Ақ үйге жібергенін айтты. Сондай-ақ ол бірқатар мәселелер бойынша тараптар әлі де келісімге келе алмай жатқанын мәлімдеді.

Федералды резерв жүйесінің мамырдағы отырысының хаттамалары АҚШ-тағы ақша-несие саясатын одан әрі қатайту мәселесінде Орталық банк басшылардың сөзі бір жерден шықпай тұрғанын байқатады.

CME Group деректері бойынша нарықтың 30 пайызы ФРЖ базалық мөлшерлемені 25 базистік пунктке маусым айында көтереді деп болжаса, 55 пайызы шілде айында көтереді деген пікірде.

Сондай-ақ оқыңыз