Балалардың тегін спорт секциялары мен үйірмелері үшін 93 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталуы қажет. Бұл туралы бейсенбіде Үкімет отырысында Әлихан Смайылов мәлім етті.

Жиында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл оқу жылын 3,7 млн-нан астам оқушы аяқтайды. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер жұмыс істейтін болады.

Алайда, Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады. 

«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», — деді Әлихан Смайылов. 

Осы отырыста Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жазғы демалыс кезінде мәдениет саласында 500-ден астам, спорт және туризм салаларында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылатын болады. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында үйірмелер мен секциялардың 114 түрі қызмет етіп жатқанын айтқан болатын.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың дерегінше, жазғы демалыс және сауықтырумен 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3% қамтылады, бұл 2,8 млн баланы құрайды. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасының балалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз