Жаңалықтар

Қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысы азайған

Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтардың шетел валютасына деген сұранысы пендемия басталған 2020 жылдың сәуір айынан бергі ең төменгі шегіне жеткен. Бұл туралы Бірінші несие бюросы жазады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, сәуір айында негізгі үш валютаның (доллар, еуро және рубль) нетто-сатылымы 85,3 млрд теңгені құрады. Яғни, қазақстандықтар шетел валютасын сатып алуға оны сатқаннан әлдеқайда көп ақша жұмсаған:

  • 2023 жылдың наурыз айындағы көрсеткіш 147,7 млрд теңгені құрады;
  • 2022 жылдың сәуір айы – 226,1 млрд теңге;
  • 2022 жылдың орташа деңгейі айына 202 млрд теңге;
  • 2021 жыл – 259,8 млрд теңге.

Қай валютаға сұраныс азайды?

Сарапшылардың жазуынша, доллар, еуро, рубльге бірдей сұраныс азайған. Доллардың наурыздағы сатылымы 122,8 млрд теңгені құраса, сәуір айында 73,2 млрд теңге болған.

Сәуірде еуроның таза сатылымы 11,3 млрд теңгені құрады (наурызда – 23,4 млрд теңге). Бұл 2021 жылдың мамырынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Халық жыл басынан бері рубльді көптеп сатқан. Сәуірдегі айырмашылық 653,3 млн теңгені құрады.

Өңірлер бойынша алсақ, Алматыда шетел валютасына сұраныстың күрт төмендегені байқалады. Сәуірде республиканың ең ірі мегаполисінде доллардың таза сатылымы небәрі 3,7 млрд теңгені құрады. Таза сұраныс шамамен 11 есе қысқарған. Алайда 2020 жылдан бергі кезеңді қарастырсақ, Алматы долларға деген сұраныстың үштен бірін қамтамасыз етіп отырған. Сонымен қатар мегаполисте еуро мен рубльге деген сұраныс екі еседей төмендеген.

Ал Астанада керісінше, долларға деген таза сұраныс бір айда 2,8 есе өсті (9 млрд теңгеден 24,9 млрд теңгеге дейін). Еуроны сатып алу көлемі екі есе қысқарған.

Жалпы, наурызға қатысты негізгі үш валютаның таза жиынтық сатылымы республиканың 20 өңірінің 17-сінде байқалады.