Фото: ТЖМ
Абай облысының аумағындағы орман өрті оқшауланды, деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Орман өртін сөндіруге 10 тікұшақ, жеке құрамның 800 астам адамы, 200 астам техника, 1 ҚТЖ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.
22 мамыр күні сағат 15:25-те РФ Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында тұтанған өрт Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл станциясынан 7 км қашықтықтағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағына өтіп, құрғақ шөп өртенген.
Өртті екпіні 15-20 м/с дейін жететін солтүстік-шығыс желі одан ары өршіте түскен. 280-ге тарта адам ауылдарынан кетуге мәжбүр болды.
Кеше Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланғанын хабарлады.
Үкімет резервінен өрт сөндіру техникасын алуға 623 млн теңге бөлінбек.