Жаңалықтар

Алматы спорт басқармасының экс-басшысына сот үкімі шықты

Фото: shutterstock.com

Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 соты Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы Рүстем Байсейітов пен басқарманың өзге де қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар ақша жымқырды және аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемденді деген айыппен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Алматы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот 2020 жылғы қараша – 2021 жылғы желтоқсан аралығында Спорт басқармасы кешенді спорттық бағдарламалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізгенін анықтаған.

Спорт басқармасының басшысы қаржы-экономикалық және жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшыларымен алдын ала сөз байласып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қызметтерді қымбатқа сатып алған, сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеген.

«К» ЖШС директоры бірқатар іс-шараларды өткізуге Басқарма тарапынан рұқсат алып, марапаттау өнімдерін, спорттық жабдықтарды сатып алу шығындарын асыра бағалау және бірқатар іс-шараларды орындамау арқылы спорттық жарыстарды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлаған», делінген хабарламада.

Сот 3 мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салып, 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырды. ҚР Президентіне Спорт басқармасы басшысының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізді.

Ал ЖШС директорына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн. теңге сомасында материалдық залал өндірілген.

Сот сотталғандардың қанша ақша жымқырғанын нақтыламағанымен, былтыр қазан айында Антикор Алматы қаласы спорт басқармасының бұрынғы басшысы мен басқа да тұлғаларға қатысты 367,5 миллион теңге жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын хабарлады.

Рүстем Байсейітов 2018-2022 жылдар аралығында Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған. Қаңтар оқиғасы кезінде, 2022 жылы 6 қаңтарда белгісіз біреулер Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне оқ жаудырып, Байсейітов жараланған. Сол жылдың мамыр айында ол қызметінен кетті.