АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттықты шектейтін «Джексон-Вэник» түзетуінің күші жойылуы мүмкін

Жарияланды

АҚШ Конгресіне Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынасын орнатуға бағытталған заң жобасы ұсынылды. Құжатта «Джексон-Вэник» деп аталатын түзетуді жою қарастырылған, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

АҚШ-тың Сауда заңына Джексон-Вэник түзетуі эмиграцияға кедергі келтіретін және адам құқықтарын бұзатын елдермен сауданы шектейтін түзету еді. Кеңес Одағы адам құқығы бұзылатын елдер қатарына кіріп, осы шектеу салынған. Одақ ыдыраған соң, мұрагері ретінде Ресейге өткен.

Бұл норма Мәскеуге қатысты ресми түрде 2012 жылға дейін қолданыста болды. Қазақстанға келетін болсақ, ол әлі де өз күшінде. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бұл ережені жоюға бірнеше рет талпынған.

Ұсынылған заң жобасын алдымен Конгресстің Өкілдер палатасы қарайды. Мақұлданса, құжат Сенатқа жіберіледі.

Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артып, үш миллиард долларға жетті. Егер Джексон-Вэник түзетуі алынып тасталса, сарапшылар бұл сома бірнеше есе артатынына сенімді.

«Бұл түзетулер еврейлердің көші-қонына кедергі келтірген Кеңес Одағына қарсы санкция еді, бірақ Одақ ыдырағанына 30 жылдан астам уақыт өткен, ал «Джексон-Вэник» – ескірген құжат. Оның қазіргі Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ. Тыйымның әлі күшінде болуы екіжақты қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді», – деді Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының зерттеушісі Ариэль Коэн.

Сондай-ақ оқыңыз