Жаңалықтар

Киік санын реттеу бойынша Қазақстан өз бетінше шешім қабылдай алмайды

Киік

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірде киік санының артуына қатысты пікір білдірді.

Оның дерегінше, Оралдағы киік популяциясы қазірдің өзінде 1,5 млн бастан асты. Қазір оларды санау жүріп жатыр және нақты бас саны таяу уақытта белгілі болады.

Ал, киік санын реттеу мәселесін шешуге экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар тартылды.

«Жақында ғана біз осы мәселе бойынша кеңес өткіздік, оған бұған дейін ақбөкендердің мекендейтін жерлеріне барып, істің мән-жайын өз көздерімен көрген 4 елдің халықаралық сарапшылары шақырылды. Сирек кездесетін жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық Конвенция бар, оған Қазақстанды қоса алғанда, 183 ел кіреді. Осы Конвенцияға сәйкес, популяциясының 95%-ы Қазақстан аумағында болса да, біз ақбөкендердің санын реттеу туралы өз бетімізше шешім қабылдай алмаймыз. Бұл мәселе халықаралық қоғамдастықтың құзіретіне жатады», – деді Нариман Төреғалиев.

Оның айтуынша, популяцияның негізгі саны облыстың оңтүстіктегі: Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Казталов аудандарында.

24 мамыр күні Мәжілім отырысында «Ауыл» фракциясының депутаттары Қазақстанда киіктердің санын тез арада реттеуді ұсынды. Олар депуаттық сауалды премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған болатын.

«Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90%-ы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебінше, киіктердін саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ млн-даған қаржы желге ұшадыТез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек. Бұл мәселеде нақты шешім керек», – деп түйіндеді сөзін депутат Аян Зейнуллин.