Жаңалықтар

«Мәселе тек Қорда емес»: МӘМС жүйесінің 2022 жылғы жұмысы қорытындыланды

Фото: ҚР ДСМ

«Кез келген қордың жұмысы сынға ұшырайды, елдің бәрінің көңілінен шығу оңай емес». Қор жұмысы қалыпқа түсуі үшін ондаған жылдар керек. «Іргелі және клиникалық медицина академиясы» ҚБ вице-президенті Нұрлан Жайнақбаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңес отырысында осындай пікір білдірді.

Кеңес отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 2022 жылғы қызметі қорытындысы бойынша есеп ұсынылған.

«Қор деген қанша жұмыс істесе де, үнемі сынға ұшырайтын құрылым. Мәселе басқада: бәрін ретке келтіру үшін жүйедегі түйткілді мәселелерді қалай шешуге болады? Клиникалардың ешқайсысы қор жұмысына көңілі толмаса да, келісім-шартты бұзбаған. Қорды қорғап отырған жоқпын, дегенмен медициналық сақтандыру жүйесі ғасырлар бойы қалыптасатынын естен шығармау керек», деді ол.

Сонымен қатар ол Медициналық сақтандыру қоры елдің бәрінің көңілінен шықпайтынын, мәселе тек Қорға тіреліп тұрмағанын мәлімдеді.

ӘлМСҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов келтірген мәлімет бойынша, МӘМС енгізілген 3 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 2,5 есе: 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өскен.

«Осы қаржының арқасында бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығын іс жүзінде 2,5 есе: 55,8 мың теңгеден 138 мың теңгеге дейін өсті», деді Сәбит Ахметов.

Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы Надежда Петухова қатысушыларға дамыған елдерде медициналық сақтандыру жүйесі ондаған жыл бойы енгізілгенін еске салды.  

«Медициналық сақтандыруды енгізу өте ұзақ процесс…. Бұл процесс эволюциялық тұрғыдан өте ұзақ деп айтқым келеді. Біз Қордың имиджін қандай да бір жолмен көтеруіміз керек, өйткені бүкіл әлемде медициналық сақтандыру ғана оң нәтиже береді», деп атап өтті Надежда Петухова

Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа жолдаған сауалында МӘМС мәселесін көтерді. Депутат бір жылда емханаға бармаған азаматтарға медициналық сақтандыруға кеткен қаражатының жартысын қайтарып отыру керек деп санайды. Өйткені ол қаражат азамат ауырса да, ауырмаса төленеді.

«Адамдардың ақшасы желге ұшпауы керек, көп ауыратын азаматтар үшін басқалар төлем төлеуге міндетті емес», деп санайды халық қалаулысы.

Медициналық сақтандыру қоры депутаттың бұл сауалына қатысты жауап беріп, медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда МӘМС жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ деді.

Медициналық сақтандыру қоры мұндай тәсіл халықты қаражатының бір бөлігін қайтару үшін ауырып тұрған кезде де медициналық көмекке жүгінбеуге итермелеуі мүмкін деп санайды.

ДСМ басшысы Ажар Ғиният бұл мәселе «заңда қарастырылмаған» деп мәлімдеді.

«Заңда бұл жүйе (МӘМС) әлеуметтік және ынтымақтастық арқылы жасалғаны көрсетілген. Сондықтан ол жердегі қаражат қайтарылмайды. Орташа жалақыдан 100 мың теңге жиналған жағдайда биыл адам ауырмай, оған 50 мың теңге қайтарылса ,келесі жылы оған млн аса теңге көлемінде медициналық көмек керек болуы мүмкін. Сондықтан бұл көмекті барлығына көрсету үшін қаржы қайтарылмайды. Заң бойынша қаржыны қайтарып беру мүмкін емес», – деген еді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС бойынша ай сайын жарна төлемейді.