Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға ниетті емес – Ақорда

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, өзінің Facebook-тегі парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумдағы сөйлеген сөзіне қатысты түсініктеме берді.

Руслан Желдібай ЕАЭО аясындағы интеграцияға қатысты Президенттің негізгі ұстанымын жеткізді.

«ЕАЭО аясындағы интеграцияға тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді», деп жазды Руслан Желдібай.

Осы аталған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес екенін мәлім еткен болатын.

Сондай-ақ, Президент өз сөзінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь арасындағы ықпалдастыққа баса мән беріп, оны «ерекше прецедент», деп атаған болатын.

Руслан Желдібай осы мәлімдемеге де тоқталыпты.

«Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды», деп атап өтті Желдібай.

Сондай-ақ, Қазақстанның ұстанымына қатысты:

«Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», деп түйіндеді Президенттің баспасөз хатшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Белорусь одақтастығы жайлы пікіріне қатысты РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та пікір білдіріп, «бір интеграцияның аясында анағұрлым ілгері интеграция жүзеге асуда. Одақтас мемлекеттер Ресей мен Белорусь арасында ЕАЭО-қа қарағанда анағұрлым ілгері ықпалдастық орнаған. Әрине бұл әлемдегі айрықша жағдай, және оны назарға алу керек», деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз