АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі 30 мамырдан бастап, визаға төленетін жарна көлемі өсетінін хабарлады.
«30 мамырдан бастап, АҚШ-қа арналған туристік және басқа иммиграциялық емес визалар үшін визаға төленетін жарна 160 доллардан 185 долларға дейін өседі. Жұмыс визалары үшін визалық алым (H, L, O, P, Q және R санаттары) 190 доллардан 205 долларға өседі. Е санатындағы визалар үшін 205 доллардан 315 долларға дейін артады» делінген елшілік хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, үміткерлер визаға төленетін жарнаны төлеп қойған болса және қолында жарамды (мерзімі аяқталмаған) чегі бар болса, сұхбатқа жазылу үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ.
Сұхбаттан өткен және өтініші қаралып жатқан үміткерлерге де қосымша виза жарнасын төлеу қажет емес.
«Біз шетелдік қонақтар Америка Құрама Штаттарына келе алуы үшін визаға өтініш беру процесін тиімді етуге тырысамыз. Визаға төленетін жарнаның мөлшері қызмет көрсету құнын ескере, есептеледі. Визаға өтініш беру туралы қосымша ақпаратты kz.usembassy.gov және travel.state.gov/visas веб-сайттарынан таба аласыз» делінген хабарламада.
Бұған дейін, еліміздің Авиация саласының өкілдері Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашу бойынша келіссөздер жүргізідіп жатқанын хабарлаған болатын.
Қазақстаннан АҚШ-қа ұшатын тікелей әуе рейсі тек 2025 жылы ашылады. Өйткені АҚШ-тың бұл салада қоятын талабы қатаң. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегеннің айтуынша, тікелей рейс ашу бағытында жұмыс жүріп жатыр.