Ресей ОПЕК+елдеріне берген уәдесін орындап жүр ме?

Жарияланды
Мұнай бағасы арзандады

Фото: kursiv.media

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) сарапшылары Ресей мұнай нарығына қатысты зерттеу жариялады.

Сарапшылар аналитаикалық талдауында наурыздың басынан мамырдың аяғына дейінгі кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы төмендегенін жазған. Brent мұнайы барреліне 82,36 доллардан 78,85 долларға дейін азайған. Алайда ОПЕК+ елдерінің мұнайға әлемдік сұраныстың төмендеуі тәуекелдеріне байланысты өндірісті өз еркімен қысқарту туралы шешімін қолдаған Ресейдің мұнайының бағасы төмендей қоймаған. Керісінше, ресейлік мұнай құны Санкт-Петербург қор биржасының балама және ішкі деректері бойынша Brent бағасына қатысты дисконтты төмендеткен.

Оның үстіне, Ресейдің ішкі биржасындағы мұнай бағасының кестесінде мұнай құнының кейде G7 елдері белгілеген барреліне 60 АҚШ доллары шегінен асып кететіні де байқалады. Сонымен бірге Ресейдің мұнай өндірісін азайту жөніндегі белгілерді ескермей, керісінше көбейте түскен.

Bloomberg мәліметінше, 19 мамырға қарай Ресейдің теңіздегі мұнай жеткізілімдері соңғы 6 аптада тәулігіне 4 миллион баррельге дейін өскен. Яғни мұнай өндіруді қысқарту туралы мәлімдемесіне қарамастан, ресейлік порттардан Қытай мен Үндістанға мұнай тасымалы 2022 жылдың соңындағы деңгейден 1,2 миллион баррельге артқан.

Сарапшылар Ресейлік бағалар асимметриясы сақталатынын айтады. Соған қарамастан Кремльдің мұнайдан түсетін табыстары азайды. Ресей мұнайының Варандейдегі транзакциялар көлемі
10 000-нан 7 000-ға дейін төмендеген. Алайда бағасы – барреліне 66,35 доллар шегінде сақталып тұр. Ресейдің ОПЕК+ елдері бекіткен келісімді қаншалықты орындап жатқанын тексеру қиын. Өйткені Ресей сыртқы сауданың ресми статистикасын да, мұнай нарығына қатысты ақпаратты да жариялауды тоқтатқан.

Ресейдің Энергетика министрлігі мұнай өндірісі мен экспортына қатысты деректерді таратуға шектеу қою себебін санкция салдары деп түсіндірген. Ал бұған дейін Отын-энергетикалық кешені орталық диспетчерлік басқармасы мұнайдың ай сайынғы статистикасын жариялауды тоқтатқан болатын.

Ал «Газпром» жыл басынан бері газ өндірісіне қатысты статистиканы жариялауды тоқтатқан.

Сондай-ақ оқыңыз