«Росатом» үлес сатып алған «Буденовское» кеніші уран қоры жөнінен әлемде екінші орында

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Біраздан бері, халық арасында әлем бойынша уранға бай «Буденовское»кенішінің «Росатомның» меншігіне өтіп кеткені талқыланып жатыр. Шыны керек, мұндай келісім қашан, қандай жағдайда жалғанын қазақстандықтар білмеді.

«Буденовское» кеніне келсек, Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан бұл кен орны сонау Кеңес өкіметі тұсында зерттелген. Ал «Буденовское» бірлескен кәсіпорны №6 және №7 кеніштерін қазуға 2020 жылдың 16 қазанында рұқсат алған. Келісім бойынша қазу жұмыстарын жүргізу мерзімі 2045 жылдың күзіне дейін ұзартылған.

Бұл кеніштің әлеуеті зор. Energy Analytics Telegram-каналының авторы, сарапшы Абзал Нарымбетов кен орны уран қоры бойынша ең ірі кеніш саналатынын, әлемде екінші орында тұрғанын айтады. Автордың зерттеуіне сенсек, Буденовское кенішінің жыл сайынғы қуаты 6 мың тоннаны құрамақ. Өндіріс іске қосылғаннан кейін кеніш өндіріс көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығады. Бұл кеніштің кен байлығы мұнай өндірісіндегі Гавар кен орнымен пара-пар келеді екен.

«Елестетіп көріңіз, Гавар мұнай кенішінен тәулігіне 4 млн баррель өнім өндіріледі, Ал тәулігіне 600-700 мың баррель мұнай өндіретін біздің Теңіз әлемдегі алғашқы ондыққа да кірмейді. Гавар 1978 жылдан бері Сауд Арабиясының ұлттық мұнай компаниясы Saudi Aramco-ға толықтай тиесілі және бұл кен орнының ең ірі мұнай компаниясының аз ғана бөлігі шетелге сатылғанын елестету мүмкін емес. Ал Қазақстандағы осындай бай кен орны Росатомға оңай сатылып кетті», дейді Абзал Нарымбетов.

Автор, бұл сатып алуға министрлік пен үкіметтің не себепті рұқсат бергенін, «Самұрық-Қазына» мен «Қазатомөнеркәсіптің» бұл мәмілені жүзеге асыруда нені көздейтінін түсінбейді.

«Егер «Қазатомөнеркәсіп» уранды өз күшімен өндіре алатын болса, БК-дағы 49 пайыздық үлесті біреуге неге сатқан? Бұл кен орны үш жылдың ішінде Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең ірі кен орындарының біріне айналуы мүмкін», дейді сарапшы.

Мұндай мәміленің ен үшін жасалғанын халық та, түсінейді.

Мәміле халықтан не үшін «жасырылды»?

Ал сатып алу мәмілесіне келер болсақ, 2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» «Газпромбанктің» несие желісі бойынша «Буденовское» БК-ның 49% үлесін 1,6 миллиард долларға сатып алады. Алайда бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы көпшілікке жарияланбады. Халық «Росатомның» қазақ жеріндегі кенішті сатып алғанын жақында ғана білді. Сату фактісі «Қазатомөнеркәсіптің» 2022 жылға арналған жиынтық есебі жарияланғанда бірақ белгілі болды.

Онда:

«Буденовское БК» ЖШС-нің 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігі шеңберінде «Буденовское» БК» ЖШС-нен «Ураниум Уан груп» АҚ және «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС қатысушыларының құрамы өзгергені туралы ақпарат алынды», деп ұсақ әріптермен жазылады.

Осыдан кейін ғана кеніш үлесінің Ресейге өтіп кеткен туралы белгілі болды.

Нақтылайтын болсақ, кеніштің 49 пайыз акциясын «Uranium One Group» АҚ сатып алған. Росатом құрамын кіретін бұл компания «Степногорск тау-кен-химия комбинатының» (ТМКК) жарғылық капиталының 99,99%-ын иеленген. Uranium One халықаралық компаниясының Қазақстаннан бөлек Танзанияда, Намибияда активтері бар. Қазіргі таңда кеніштің құрылтайшылары  «Ураниум Уан груп» АҚ мен «Логистический центр ЯТЦ» АҚ. Соңғысы кеніштің 0,01% акциясы иелік етеді.

Сонымен бірге «Казатомөнеркәсіптің» жылдық есебінде қордың қазба байлығына қатысты ақпарат бар.

«2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кен орындарының кен қорының жалпы көлемі (баланс қорларының ұлғаюын қоса алғанда) 114,2 мың тонна уранды құрайды. Пайдалы қазбалардың жалпы көлемі (қорларды қосқанда) 120,1 мың тонна уранды қүрайды», деп жазылған құжатта.

Ал бұл қорды сатудан түсетін пайда шамамен 12 млрд долларға бағаланады. Ал «Росатомға» небары 1,2 млрд долларға сатылған. (Кей деректерде бұл сома 1.5 млрд доллар деп көрсетіледі) Бұл келісімнен сонда не ұттық? Ата заңда бекітілген жердің асты мен үстіндегі байлығының «иесі» халық қандай пайда көре алады?

Қазақстан 12 миллард доллар пайда әкелетін кенішті сатқаннан қандай пайда көреді?

«Казатомөнеркәсібін» дағдарыстан шығарып, әлемдегі нөмір бірінші компания деңгейіне жеткізген өнеркәіптің бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев «Буденовское» кенішін сатудан, Қазақстанның еш пайда көрмегенін айтады.

«Қазақстандықтар бұл мәміледен не алады? Ештеңе! Өйткені бұл кен орнын Қазақстан сатқан жоқ. Оны ресейлік олигарх Василий Анисимов біздің кәсіпкер Александр Клебановпен бірге сатқан. Ол ақша Қазақстанға немесе «Қазатомөнеркәсіпке» түскен жоқ, шындығында сол олигархтардың қалтасына кетті. Біздің кен орнымыз «Росатомға» үкіметтің мақұлдауымен сатылды. Дәл солайша «Қашағанды» ​​американдықтарға сата аламыз ба?» дейді «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы.

2022 жылдың 14 желтоқсанына дейін «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» GANBERG UK LTD және GEXIOR UK LTD атты екі ағылшын компанияларына тиесілі болған. Оларға олигарх Василий Анисимов пен Александр Клебановтың ұлы Яков иелік еткен. Мұхтар Жәкішев айтып отырған кәсіпкерлер осы азаматтар.

Ресейлік компанияның Батыс санкцияларына іліну мүмкіндігі де жоғары. Ондай жағдайда Қазақстанның уран өндірісіне төнетін қауіп те жоғары болмақ.

«Егер «Росатомға» санкция салынса, «Қазатомөнеркәсіп» те санкцияға ұшырауы мүмкін. Бірақ мәселе мынада, санкцияға түсу өте оңай, одан шығу өте қиын. Мүмкін мен аздап асыра айтып отырған шығармын, бірақ сондай қауіп бар», дейді Мұхтар Жәкішев.

Осыған дейін АҚШ Ресейдің «Росатом мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін кәсіпорындарға қарсы санкциялар пакетін жариялаған. Оның алдында Литва билігі Еуропалық Одаққа Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясына қарсы санкция енгізуді ұсынды.

Бұған дейін Қазақстанда «Росатом» компаниясының уран өндіру көлемі өскенін Мәселен, 2022 жылы өндіріс көлемі 4 мың тоннаны құрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түсетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз