Үкімет 517 млн теңгенің республикалық мүлкін «Назарбаев Университеті» меншігіне бермек

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Ашық НҚА порталында «Республикалық мүлікті «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына беру туралы» Үкіметтің қаулысы ашық талқылауға шығарылды.

«Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің балансынан «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының меншігіне аяқталмаған құрылысқа арналған шығындар түріндегі республикалық мүлік берілсін», делінген қаулыда.

«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының меншігіне берілетін аяқталмаған құрылысқа арналған шығындар түріндегі республикалық мүлік ретінде: құны – 26 434,00 теңгелік 10 Кв электрмен жабдықтау желілері; 24 267 667,20 теңге тұратын ТП-10/0Кв және КЛ 6-10 Кв құрылысы беріледі екен. Сондай-ақ, Электрлік монтаждау жұмыстарының құны 13 217 230,00 теңге деп белгіленіпті.

Денсаулық сақтау министрлігінің балансынан «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының меншігіне берілетін мүлік қатарында құны 345 200 000,00 теңгелік «Астана қаласында 180 төсектік Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» КеАҚ жобалау-сметалық құжаттамасы және 134 200 000,00 теңгелік «Астана қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын Республикалық диагностикалық орталық» АҚ-ның жобалау-сметалық құжаттамасы бар.

Осылайша, құжатқа сәйкес, Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына берілетін республикалық мүліктің жалпы құны – 516 911 331,20 теңгені қүрайды.

Құжатқа сәйкес, аталған қаулы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының          119-1-бабына, «Назарбаев университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес шығарылған. Қаулы 9 маусымға дейін жария талқылауда болады.

Сондай-ақ оқыңыз