Заманауи кәсіпкердің бейнесі: трендтер не дейді?

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Шағын және орта бизнес иелерінің трендтерге құлағы түрік жүруі керек. Бизнес ашуды ойлап жүрген адам трендті шолып шықпаса болмайды. Олай болса, бүгінгі материалымызда шағын және орта кәсіп иелеріне пайдалы болатын кеңестер дайындадық.

Қай салада сұраныс басым?

Әрине, бүгінде IT-компанияларды дәурені жүріп тұр. Инвесторлар алдағы 5-10 жылдықта танымал болатын топ-технологияларға басымдық береді. Оның ішінде, жасанды интеллект, блокчейн, кванттық компьютерлер, робототехника және осы салалардың қосындысы — конвергенциясына қызығушылық артады. Одан соң шағын және орта бизнестегі «хит» бағыт — маркетплейстерде сату.

PwC компаниясы мен Цифрлық Қазақстан қауымдастығының бірлесіп жасаған зерттеуінің нәтижесі мынадай болған еді: 2022 жылы Қазақстандағы бөлшек электрон коммерция нарығының көлемі 30 пайызға өскен. Соныен бірге осы бағытта жасалған транзакциялардың саны да 33 пайызға артқан. Қазақстандағы бөлшек электрон коммерцияның нарықтардағы сату үлесі 89% құраған. Иә, бұл сала трендте. Дегенмен кемшіліктері мен артықшылықтарын, енгізілген өзгерістерді білмесеңіз, кәсібіңіз алға жүрмеуі мүмкін. Өйткені маркетплейстер қазір ережелерді жиі ауыстыратын болған. Соның ішінде тауарларды қоймада сақтау және діттеген жерге жеткізу, төлеу шарттары мен түскен табысты алуға қатысты. Әрі қазіргі алаңдарда жасанды интеллект қолданылады.

 Егер сіздің тауарыңызды өтімді, сәнді деп санамаса, онда клиенттерге мүлдем көрінбей қалуы ғажап емес. Бұл жерде ескеру керек жайттарды атап өтейік. Сізге брендіңізді барынша дамыту қажет. Жан-жақты қарастырмасаңыз, бір ғана маркетплейске қол жайып отыруға болмайды. Өйткені алда-жалда бірдеңе бола қалса, айталық, жабылып қалса, онда біршама клиентіңізден айырыласыз деген сөз. Сондықтан бәрінің алдын алып, бірнеше алаңды пайдаланғаныңыз абзал. Дәл қазіргі уақытта саудада байқалатын екі тренд бар: e-commerce және жеке бренд. Сатып алушыларға тікелей сату немесе D2C пен жергілікті өндірушілерге қолдау білдіру тренді енді ғана қанат жайып келеді.

Жеке брендті қалай дамытамыз?

Жеке бренд жайлы айта кетейік. Қазір өзіңіз бен өзіңіз айналысып жүрген кәсіп туралы жүрген жерде айтып жүру керек дегенді жиі естуіңіз мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы танымал бола түсуге болады. Әр алаңның өз ерекшеліктеріне сәйкес контентті бейімдей білсеңіз жетіп жатыр. Видео ма, пост па, stories пе — қалауыңызға қарай. Бір тақырыпты бірнеше жерге түрлендіріп айтуға да болады. Бұл жерде маңыздысы контент құрылымының белгілі бір логикасы болуға тиіс. Бір ғана желіні пайдаланбай, басқаларына да шығып көріңіз. Есесіне, сізде неше түрлі аудитория қалыптасады. Көре-көре көзтанысқа айналасыз. Өйткені клиент өзіне қолайлы жерде, ыңғайлы тәсіл арқылы байланысқанды жақсы көреді.   

Осы ретте аудиториямен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеру керек екенін атап өту керек. Себебі саудада осы нәрсе аса маңызды. Бұл трендтен ешқашан түспейді десек, қателеспейміз. Клиенттеріңіздің контактілерін бір базаға жинаңыз. Бастапқыда қолмен істеп, кейінірек кеңейген кезде автоматтандыруға болады. Клиенттеріңіз бола тұра, олармен жұмыс істемесеңіз — өзіңізге зиян тигізгеніңіз. Сондықтан аудиторияны белгілі бір белгілерге қарай сегменттеуге тырысыңыз. Сонда нақты ұсыныс бойынша дөп тигізіп, сауданы еселеуге мүмкіндік ашылады. Шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің жиі жіберетін бір қателігі сол — жаңа клиенттер тартумен белсенді айналысады да, ал қалыптасқанымен жұмыс істеуді ұмытып кетеді. Асылы, аудиторияны қыздырып, қызықтырып ұстап отыру қажет. 

 Келесі қажет нәрсе: зерттеу яки анализ жасау. Бір қарағанда өте күрделі жұмыс көрінеді. Зерттеу деген атауына қарап батпай жүруіңіз де ғажап емес. Бірақ кірісіп көрсеңіз, мұның соншалықты қиын емесін түсінесіз. Сізде жауап іздеу керек мынадай басты үш сұрақ бар: Менің аудиториям кімдер? Нарықтағы ахуал қандай? Бәсекелестерім не істеп жатыр? Міне, осы үш сауалға зерттеу жасауыңыз қажет. Әрі ол жұмыс тұрақты жасалып тұруы керек. Бастап жатқан кезде ғана нарықты қарап, бәсекелестерді шолып шығып, сәл алға жылжыған соң бәрін тастай салуға болмайды. Сіздің негізгі драйверіңіз осы зерттеу нәтижесі болады. 

Жасалған болжамдарға сынақ жасау деген бар. Яғни әлденені ойлап таптыңыз да, дереу сынап көріңіз. Соған байланысты қорытынды шығарасыз. Өнімді нарыққа шығарудың ең тиімді циклі осындай. Қателесуден де қорықпаңыз. Сізде мақсат минус-плюстерді анықтау ғана. Өнімді идеал қалыпта шығарамын деп созып жүріп алуыңыз мүмкін. Барлық кем-кетікті реттедім-ау деген таныстырайын деген кезде ол өнім нарықта тіпті сұранысы жоқ дүниеге айналуы мүмкін. 

Сервис сапасы жайлы айтпаса тағы болмайды. Әрине, қай кезде де сапа мәселесі басты орында болған. Бірақ кейінгі кездері тіпті қатты алаңдататын болды. Себебі ойлап табылуы мүмкін өнім мен қызметтің бәрі жарыққа шығып қойған. Жаңа нәрсе ойластыру тіпті мүмкін емес десе болады. Адамдарда таңдау көп. Түн ішінде әлдене қажет бола қалса, сұранысына жауап беретін қызмет табылады. Сондықтан мұндайда супер креатив тәсіл арқылы не қызмет көрсету сапасы арқылы ғана ерекшеленуге болады. Бұл екеуінде де бізге керегі — сапа. Онсыз ештеңе жасай алмайсыз. Айтпақшы, керемет сервис үлгісі деген «Шай не кофе ішесіз бе?» деп клиентті күтіп алу ғана емес. Сапалы сервис астарында клиентке деген шынайы қамқорлық жатады. Яғни оған не керек болуы мүмкін болса, соның барлығын ұсынуға ұмтылу.    

Маркетиңнің алпауыт күші бар. Жобаларға жан-жақты қарау қажет. Кейінгі кездері трендте жүрген тәсілдерге тоқталсақ, мынадай:

  • Контент-маркетиң
  • Телеграм
  • Чат-боттар
  • Серіктестіктер
  • SEO

Қазір нағыз қызып тұрған шақ па?

Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, подкастар тыңдасаңыз жер-жерде кәсіп ашу туралы айтылып жатады. Бұл бекер емес. Тіпті кәсіпкерлікке үйрететін курстар, ақылы менторлық қызмет ұсынатындар да көбейді. Қазір оқушылардың дені кәсіпкер болғысы келеді. Көпшілігінің ойында жүрген бизнесі бар. «Жалданып жұмыс істегеннен гөрі өзіңе-өзің бастық болған жақсы» деген пікірді де жиі еститін боларсыз? Сондықтан дәл қазір кәсіпкерлік, оның ішінде шағын және орта бизнестің қызып тұрған шағы. Мұндай ойдың пайда болуына әсер ететін бірнеше драйвер бар.

Айталық, адамдар өз ісін ашып, тәуелсіз болғысы келеді. Одан соң, алпауыт корпорациялардың өзі қызметкерлерінен кәсіпкер шығарғысы келетінін байқадық. Сол үшін қызметкерлерінің дамуына, өсуіне мүмкіндік береді. Ақылы курстарын төлеп беруге де әзір компаниялар бар. Демек,  осылай қанатын қатайтуға көмектеседі де, олар өз алдына «отау тігіп», бөлек бизнесін ашады.      

Қорыта айтқанда, қазір біршама тренд байқалады. Оның ішінде, кәсіпкерлік және бизнеске деген қарым-қатынасты қысқамерзімді емес, ұзақ мерзімді етуге тырысатындар көбейді. Әрі қазіргілер жұмыс пен отбасы арасында баланстың болғаны маңызды деген пікірді жиі ұстанады. Кейінгі кездері көбейген маркетплейс арқылы сауда жасау — кәсіпкерліктің жаңа әрі саналы түрі. Сол арқылы біз жаңа қызық нишаларды көріп отырмыз, бренд қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды байқаймыз, түрлі экожүйе жасалып жатыр. Осының барлығы қазіргі адамдардың жаңа нәрсе жасап қана қоймай, оны сапалы әрі болашағы жарқын жоба етуге деген ұмтылысынан хабар береді.

Сондай-ақ оқыңыз