1 шілдеден бастап әлеуметтік төлем мөлшері 14,5%-ға көтеріледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем мөлшері 14,5%-ға артады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Бұл әлеуметтік төлем еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылған азаматтарға беріледі. 29 наурызда өткен Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы кезінде мемлекет басшысы осы санаттағы тұлғаларды қолдау шараларын күшейту қажеттігіне тоқталған.

Елімізде мұндай мемлекеттік көмекті 150 мыңнан астам алады. Атап айтқанда, еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 92 мың адам алса, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылған.

Сонымен бірге, мемлекет тарапынан азаматтардың табысын арттыру бойынша біршама шаралар атқарылған. Мәселен, 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейген. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскерлерді қамтыды. Сондай-ақ биыл 4,4 млн адамның алатын зейнетақысы мен жәрдемақысы қайта есептеледі.

2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңмен арттыру бойынша жұмыстары жалғасып жатыр. Бағдарлама негізінде шағын несиелерді қолжетімді ету арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жоба жұмыстары басталып кетті.

Үкімет қаулысы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз