Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады

Фото: kz.kursiv.media

Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұл жайлы Бас прокурор Берік Асылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару жəне жаңғырту жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру аясында «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» заң жобасы əзірленген. Ол бүгінгі күні мемлекеттік органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің қарауында», деді Бас прокурор.

Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – онлайн-жарнамалар, сондай-ақ онлайн-платформалар қызметтерінің құқықтық негіздерін айқындау. Аталған заң жобасына инфлюенсер (блогер) сынды айқындалмаған тұлғалар тобына арналған жəне өз мақсаттары мен өзге де қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде қоғамда жекелеген пікірлерді қалыптастыруға ықпалы бар ақпаратты онлайн-платформаларда тарататын адам ұғымы енгізіледі.

«Жалған ақпараттың таралу фактілері жиілей бастағанын ескере отырып, егер бұл əрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-əрекет белгілері болмаса, айыппұл түріндегі санкцияны айқындай отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін əкімшілік жауаптылық белгілеу жоспарлануда. Осылайша, осы заң жобасы қабылданған жағдайда интернет кеңістігінде көрінеу жалған ақпараттың таралуына қарсы тиімді іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасалады деп санаймыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда жəне бақылауда», деді Берік Асылов.