Әуе билеттері тым қымбат, көрсетілетін қызмет нашар – сарапшылар

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Әуе тасымалы елімізде өте қымбат. Тіпті Батыс елдерімен салыстырғанда Қазақстанның ішкі рейстері қымбат саналады екен. Бұл мәселе АМАNАТ партиясының күн тәртібінде қаралды.

Жиында баға қымбат болғанымен, қызмет көрсету сапасы төмен екендігі айтылды.

«Алматы әуежайына қонған бойда бір жарым сағат күтуге тура келеді. Біресе, автобус жоқ, біресе, баспалдақ жоқ болып шығады. Олар қайда кетеді? Оларды сатып алуға болмай ма? Сіз Алматыдан Астанаға билет алып көріңізші. FlyArystan бидеттерді 60 мың теңгеден сатады. Ал Эйр Астанаға билетті мүлде сатып ала алмайсыз», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, саясаттанушы Талғат Қалиев.

Сарапшы, бұл мәселені шешудің жолы бар екенін, ол үшін басқа авиакомпанияларға аспанымызды ашу керектігін айтады.

«Бізде ұшақтар жетіспейді екен, басқа авиакомпанияларға рұқсат етейік. Мәселен, Wizz Air бізден әуе кеңістігін ашуды сұрап жатыр. Өз қызметін ұсынуға дайын. Мен осыдан біраз уақыт бұрын Лос-Анджелестен Нью-Йоркке 32 долларға біздің бағамен салытырғанда 15 000 теңгеге лоукостермен ұштым. Екі қала арасындағы қашықтық 4 000 км. Бізде осындай бағалар бар ма? Мен билетті сол күні сатып алдым. Жалпы, 30 жылда бізде баға бір рет болса да төмендеген жоқ, тек өсіп отырды», дейді маман.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев еліміздегі авиа тасымалдаушыларда қимыл қозғалысы шектеулі адамдарға жеңілдік қарастырылмағанын айтты.

«Мүгедектігі бар адамдар үшін әуе көлігімен қатынау дұрысырақ. Себебі темір жол мен автокөлікке қарағанда ұшақта жоғары сервис пен барлық жағдай бар. Бұл әсіресе, қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға қатысты. Неге отандық әуекомпаниялар мүгедектерге де, оларды алып жүретін адамдарға да жеңілдік бермейді», деді.

Сәуір айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Эйр Астанаға» жалпы сомасы 6,7 млрд теңге айыппұл салған. Агенттік әуе компаниясы өзінің нарықтағы үстем жағдайын асыра пайдаланғанын анықтаған.

Соныме бірге Қазақстанда әуекомпаниялардың жолаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту бойынша жаңа нормалар енгізілген. Оған сәйкес, рейс кешіксе жолаушыға тамақ пен қонақ үй берілуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз