Зейнеткерлер 1-шілдеден бастап БЖЗҚ-дағы жинақтарын үй алуға немесе емделуге пайдалана алады

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар зейнеткерлер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, БЖЗҚ-да жинағы бар, еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққан, жандар  www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы қордағы салымын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады.

«Емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға ғана жүгіну қажет», делінген хабарламада.

Жалпы, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу сияқты әлеуметтік мақсаттарға пайдалану құқығы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілген болатын.

Келесі санаттар осы құқықты пайдалана алады:

1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар «төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;

2) зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50% дейін пайдалана алады;

3) өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.

Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.

Сондай-ақ оқыңыз