Жаңалықтар

Қаржы есебін жариялаған «ҚазМұнайГаздың» акциялары арзандады

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК 2023 жылдың 1 тоқсанындағы қаржы есебін жарияланғаннан кейін, акциялары 3%-ға арзандады. Бұл туралы Energy Monitor қоғамдық қорының телеграм арнасы жазады.

ҚМГ-ның 2023 жылдың 1 тоқсанындағы таза пайдасы 288 млрд теңгені (726 млн доллар) құраған. Бұл 2022 жылдың І тоқсанындағы 332 млрд теңгемен (726 млн доллар) салыстырғанда 13,4% аз.

Таза пайданың азаюына:

  • Brent маркалы мұнай орташа бағасының 20,6%-ға төмендеуі;
  • өндіріс шығынының өсуі (атап айтқанда, қызметкерлер жалақысын арттыру және мердігерлік жұмыстарға арналған бюджеттерді түзету) – 38,9%-ға өсуі себеп.

2022 жыл қорытындысы бойынша акционерлерге дивиденд төлеуге 300 млрд теңге бөлу жоспарланған.

«ҚазМұнайГаз» бірінші тоқсанда мұнай өндіруді арттырғанын жариялаған. Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 8,7%-ға артып, 5 961 мың тоннаға жетсе, мұнай тасымалдау көлемі 3,0%-ға ұлғайып, 18 858 мың тоннаны құраған.

Сәуір айында «ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасы IPO-ға шыққан сәттен бастап 23,8% өскені белгілі болды.

«ҚазМұнайГаз» негізі 2002 жылы қаланды, бүгінге оның 87,42% акциясы «Самұрык-Қазынаға» тиесілі болса, қалғаны (9,58%) – Қазақстанның Ұлттық Банкіне тиесілі.