Жаңалықтар

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК төрағасы Нил Лонгфэллоу қызметінен кетеді

Нил Лонгфэллоу «Қазатомөнеркәсіп «Ұлттық атом компаниясы» Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры – төрағасы қызметінен кетеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Нил Лонгфэллоу 2023 жылғы 21 маусымнан қызметтен кетуге өзі өтініш жазған.

«Мен Қазатомөнеркәсіпке және оның барлық қызметкерлеріне әлемдік уран нарығында біздің стратегиямызды ұзақ мерзімді қолдағаны және іске асырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесінде алты жыл табысты жұмыс істегеннен кейін мен компаниядан кетіп, жаңа мүмкіндіктерді зерттеу үшін алға жылжу туралы шешім қабылдадым» – деген ол.

Лонгфеллоу 2017 жылдың 8 тамызынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі және 2020 жылдың 18 мамырынан компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Оның орнына кім келетіні хабарламада нақтыланбаған.

Қазатомөнеркәсіп – 2022 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 22%-ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеріп жатыр.

Жақында әлем бойынша уранға бай «Буденовское»кенішінің «Росатомның» меншігіне өтіп кеткені белгілі болды.

2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» «Газпромбанктің» несие желісі бойынша «Буденовское» БК-ның 49% үлесін 1,6 миллиард долларға сатып алады. Алайда бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы көпшілікке жарияланбады. Халық «Росатомның» қазақ жеріндегі кенішті сатып алғанын жақында ғана білді. Сату фактісі «Қазатомөнеркәсіптің» 2022 жылға арналған жиынтық есебі жариялағанда бір-ақ белгілі болды.

Ал бұл қорды сатудан түсетін пайда шамамен 12 млрд долларға бағаланады. Ал «Росатомға» небары 1,2 млрд долларға сатылған.