Зейнетақы жинақтарының жартысын инвест компаниялардың басқаруына беруге болады

Жарияланды
ЕНПФ
БЖЗҚ / Асқар Ахметуллин

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының 50% жеке инвестициялық компанияларға бере алады. Бұл жайлы Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

«Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылдың 1 шілдеден бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына өзінің зейнетақы жинақтары сомасының 50%-на дейін өзінің дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру құқығы беріледі. Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өздерінің зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде әртүрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруға, неғұрлым жоғары инвестициялық табыс көруіне және зейнетақы жинақтарының ұлғаюына ықпал етеді.

Салымшы зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударған соң, жинақтарын басқа басқарушы компанияға ауыстыра алады немесе Ұлттық Банк пен БЖЗҚ-ның басқаруына кері қайтара алады.

Мемлекет Ұлттық Банктің басқаруындағы, яғни БЖЗҚ-дағы жинақтар бойынша ғана зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Ал инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына салымшы таңдаған ИПБ жауапты болады.

Сонымен бірге жыл қорытындысы бойынша ИПБ алған номиналды табыс пен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні арасында теріс айырма туындаса, ол айырманы басқарушы компания өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшылар БЖЗҚ-ға жүгіне алады.

Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар зейнеткерлер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады.

Осының алдында Үкімет басқару компанияларына қойылатын талаптарды жария талқыға шығарып, салымшы қаражатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға қойылатын талаптар күшейтілетінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз