Фото: kursiv.media
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығы кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп танылып, 10 жылға сотталды.
29 мамыр Абай облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты резерват басшылығы мен басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарған.
Антикор таратқан мәліметке сәйкес, мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алған. Резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат беріп, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойып отырған
«Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», делінген хабарламада
Сотталғандар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 22 мамыр күні сағат 15:25-те Ресейде тұтанған өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағын шарпып, құрғақ шөп өртенген.
Өртті екпіні 15-20 м/с дейін жететін солтүстік-шығыс желі одан ары өршіте түскен. 280-ге тарта адам ауылдарынан кетуге мәжбүр болды. Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.
3500 гектар жерді шарпыған өрт тек үш күннен соң сөндірілді.