Алматы ЖЭО-ні газға көшіруге 324 млрд теңгеге жұмсалады

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.mediа

Алматыда газбен жанатын жаңа Алматы ЖЭО-2 салынады. Жобаны салатын қытайлық консорциумға 324 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалады. Бұл жайлы «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) Басқарма Төрағасы Ерлан Қырқынбаев айтты.

Жаңа газ-турбиналық ЖЭО-ны«Dongfang Electric International Corporation», «Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd», «Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd» сынды энергетикалық жобаларды жүзеге асыруда мықты деп танылған, мамандандырылған үш ірі қытайлық компаниялар консорциумы салатынын жазған болатынбыз.  

«Біз есеп жүргізіп, жаңадан салынатын ЖЭО-ның жалпы құны 324 млрд теңге болатынын анықтадық. Осы қаржыға қытайлық консорциум салып беретін болды. Шарт жасалды. Бұл сомаға жобаның барлық шығындары кіреді. Біз бұл орайда жоспарланған соманың шегінен асып кеткен жоқпыз», деді АлЭС басшысы.

 Жаңа орталық іске қосылған соң тарифтер, бұрынғыға қарағанда қымбаттау болады.Оны компания басшысы былай түсіндірді:

«Өздеріңіз білесіздер қазір көмірге қарағанда газдың құны біршама қымбат. Сондықтан бұл жерде ешқандай қаржы үнемделеді деп айта алмаймын. Керісінше, жаңа жылу орталығын ұстап тұру қолданыстағы станцияға қарағанда біршама қымбатқа түсетіні анық. Бұл тек Алматы халқына экологиялық жағынан ғана пайдалы болмақ», деді Ерлан Қырқынбаев.

Қытайлық мердігер компания салатын ЖЭО 2026 жылдан бастап іске қосылады. Ал 2030 жылы толыққанды жұмыс істей бастайды. Ал қазіргі станциядардың тағдырына қатысты сұраққа:

«Қазіргі станция жаңа орталық өз жұмысын бастаған кезде кезең-кезеңімен консервацияға кетеді. Бірақ, бұл оны толықтай жауып тастаймыз немесе бұзамыз дегенді білдермейді», деді компания басшысы.  

Сонымен бірге бірнеше жылға созылатын  ЖЭО  құрылыс жұмыстарына негізінен қытайлық мамандар шақырылғанымен, жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылады. Бұл талап мердігер мен арадағы келісім-шартта арнайы көрсетілген . Бұл туралы   «Самұрық-қазына»  Ұлттық әл-ауқат қорының өкілі  Ернат Бердіқұлов айтты.

Айта кетейік заманауи ЖЭО құрылысын салу үшін жарияланған халақралық тендерге отандық және шетелдік компаниялар тарпынынан алты өтінім келіп түскен. Тендердің 2-кезеңі аясында екі өтінім қаралды. Нәтижесінде, ЕҚДБ ережелеріне сәйкес, конкурс өтті деп бекітіліп, банк 2023 жылдың мамыр айының соңында оның жеңімпазы ретінде үш қытайлық компаниядан құралған консорциумды таныды.

Сондай-ақ оқыңыз