Аумақтық қорғанысқа қаражат өте аз бөлінеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде «Аумақтық қорғанысы туралы» Заң әзірленіп жатыр. Бұл Қазақстанның аумақтық қорғанысы саласындағы негізгі проблемаларды шешуге көмектеседі.

Жобаны әзірлеген авторлар бұл саланың негізі проблемаларына тоқталған. «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының нормативтік-құқықтық консультативтік құжаттарында біраз мәселелер қозғалған.

Мәселен, аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынастардың реттелмеуі, бұл саладағы заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің бекітілмеуі, аумақтық қорғанысты қамтамасыз етуде күштік мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту секілді мәселелер қамтылған.

Сонымен бірге инфрақұрылымның нашар дамуы, қаржыландыру жүйесі де бұл саладағы негізгі мәселелердің бірі ретінде көрсетілген. Яғни аумақтық қорғаныс саласындағы әскерилердің жалақысының төмендігі салдарынан кәсіби кадрлармен қамту қиындаған. Жоба авторларының айтуынша, әскери бригадалардың келісім-шарты бойынша әскери қызметшілердің еңбекақысы 80-120 мың теңгені құрайды екен.

Ал 2022 жылға облыстық бюджет бойынша Аумақтық қорғанысты қаржыландыруға шамамен 384 млн теңге ғана бөлінген. «Бұл сома жеткіліксіз» дейді жоба әзірлеушілер.

Бұл саладағы инфрақұрылымға келер болсақ, өңірлердегі инфрақұрылымның даму қарқыны өте төмен. Мәселен, 2023 жылғы жоспарда 18 нысан ғана бектілген. Сонымен бірге бригадалардың жеке құрамының штаттық саны 2165 адамды ғана құрайды, Бұл қажетті мөлшерден әлдеқайда аз екен. Жобаны дайындаған авторлар, «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы заңнаманың» болмауы осындай негізгі мәселелердің туындауына себеп болғанын айтады.

Жеке заң жобасы болмағандықтан, бүгінгі күні ҚР Аумақтық қорғаныс саласы әртүрлі құқықтық актілерде жеке нормалармен реттеледі. Мысалы, аумақтық қорғаныс саласының материалдық техникалық жабдықтау қорларын құруға арналған облыстық (қалалық) бюджеттік шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен реттеледі.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында аумақтық қорғаныс туралы негізгі ұғымдар, орталық мемлекеттік органдардың функцияларына қатысты, қысқаша анықтамалары берілген. Ал «Мобилизация және мобилизацияға дайындық туралы», «Төтенше жағдай туралы», «Әскери жағдай туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы», «Әскери қызмет және мобилизация мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бір жолында ғана келтіріледі.

Бұл мәселелерді шешуде дайындалып жатқан «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының рөлі ерекше.

«Бұл заң арқылы аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздері белгіленіп, нақты жүйе қалыптасады. Тұтастай алғанда елдің қорғаныс қабілетін арттырады», дейді жоба авторлары.

Сондай-ақ оқыңыз