«Аягөз ауданында эколог жоқ»: Ринат Зайытов өзен жағдайын бақылайтын комиссия құруды ұсынды

Жарияланды

Еліміздің өзен-көлдеріндегі су деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп кеткен. Алайда жауапты мамандар алдын алу бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ. Мұндай мәселені мәжіліс депутаты Ринат Зайытов көтерді.

Зайытов депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдап, Абай облысындағы ауданда эколог мамандардың жоқ екенін айтты.

«Жолдап отырған депутаттық сауалымды ұрпақтың үлесін сақтауға қағылған дабыл деп қабылдауды сұраймын. Еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі соңғы жылдарда күрт төмендеп жатыр, ал осылардың себебін анықтап, алдын алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты органдарды өз басым әлі көрген емеспін. Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын неге естімейміз?», – деді Ринат Зайытов.

Айтуынша, Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейі 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы 558 см-ден 162-смге төмендеп кеткен.

«Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені, Аягөз ауданында эколог маманы да жоқ», – деді ол.

Соған байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасарынан Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз