QazaqGaz компаниясы Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді

Жарияланды
Шығарушы редактор

«QazaqGaz Ұлттық компаниясы» Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Жалғыз акционер – «Самұрық-Қазынаның» шешімімен Директорлар кеңесі құрамына Елжас Отыншиев кірді. Бұл туралы мәлімет KASE сайтында жарияланған.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «QazaqGaz Ұлттық компаниясы» АҚ жалғыз акционердің 2023 жылдың 19 мамырындағы шешімімен Е.М. Отыншиев Компанияның Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланғанын KASE-ге хабарлады», – делінген ақпаратта.

Енгізілген өзгеріске сай, QazaqGaz компаниясы Директорлар кеңесі жеті адамнан тұрады. Олар: Бердіғұлов Е.К., Тегісбаев А.О., Жәркешов С.С., Аханзарипов Н.З., Өксікбаев О.Н., Мыңшәріпова С.Н., Отыншиев Е.М.

«QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ компаниясы.

Компания тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Халықаралық транзитті қамтамасыз етіп, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады.

Биыл QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге немесе 2022 жыл қорытындысы бойынша алынған таза пайданың 7%-ын төлеген.

2022 жылы бойынша QazaqGaz 386,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Таза табысының қалған бөлігі – 359,6 млрд теңге, компанияның иелігінде қалды.

QazaqGaz копаниясы 2025 жылы IPO-ға шығуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз